Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті ақшаны мердігердің есепшотына жұмысты нақты орындамай аударған.
ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары 380 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп жазады baq.kz.
Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істері істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров айтты.
Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамады, - деді Данияр Биғайдаров.
Сот біреуін 2 айға қамауды ұйғарған.
Олар "Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж" РМК-сы 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр.Тергеу мәліметтері бойынша, ақшаны мердігердің есепшотына жұмысты нақты орындамай аударған, - дейді тергеуші.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шешеді.
Айта кетейік, 2019 жылдың басынан Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы қызметін Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев атқарады.