Ақтаудағы қанды қылмысқа қызғаныш себеп болуы мүмкін

0
639

Ақтауда пәтерлердің бірінен ер адам мен әйелдің мәйіті табылған еді.


Ақтаудағы қанды қылмысқа қызғаныш себеп болуы мүмкін

Ақтауда болған сұмдық жайтқа қатысты жаңа деректер анықталды. Тұрғындардың сөзінше, қанды қылмысқа қызғаныш себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Кеше Ақтаудағы пәтерлердің бірінен ер адам мен әйелдің мәйіті табылған. Ал қылмыс болған жерден тағы бір қыз қашып шығып, көршілердің үйіне жасырынып аман қалған.

“Жігіт пен қыз пәтер жалдаған. Сосын оларға бір жігіт пен қыз қонаққа келген. Олар ішкен, кейін қыздарды бөлісе алмай, бір-бірінен қызғанып, содан өлім болған деп естідім. Жігіт пен бір қызды өлтірген, содан кейін бір қыз қалған. Ол қызға таңға дейін зорлық-зомбылық жасаған, таңға жуық есікті ашып, қашып кеткен”, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Ләззат Достанова.

Қаныпезердің қолынан сытылып шыққан жәбірленуші төменгі қабаттағы көршілердің үйіне жартылай жалаңаш кіріп келген. Сөйтіп сол жерде жасырынып, полицейлерге хабар беріпті. Ал шұғыл жеткен тәртіп сақшылары баспанадан екі адамның мәйітін алып шықты.

Куәгерлер қанды оқиға болған пәтердің жалға берілетінін айтады. Бұл жайында өздері тиісті орындардың бәріне шағымданғанымен, нәтиже болмаған. Ал түнімен қорлық көрген қыздың қашып кеткенін кеш байқаған күдіктінің өзі оқиға орнынан із суытыпты. Бірақ алысқа ұзап кете алмады. Ықшамауданды бірден қоршауға алудың нәтижесінде қаскөй қолға түскен.

“28 жастағы күдікті ұсталып, Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізілді. Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді”, – деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибаттулаева.

Айта кетейік, Ақтауда пәтерлердің бірінен ер адам мен әйелдің мәйіті табылған еді. Көп ұзамай 28 жастағы күдікті де ұсталған.