Ақтөбеде жылына 500-600 гектар жер орманды алқапқа айналады

0
704

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін ел көлемінде 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойған болатын.


Ақтөбеде жылына 500-600 гектар жер орманды алқапқа айналады

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы бойынша биыл орман алқабына 2 миллион түп екпе егіледі. Қазір орманшылар жұмыстың тең жартысын еңсерді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 7 орман шаруашылығы бар. Қазіргі кезде орманшылар тәлімбақта бапталған екпені еге бастады.

«Тұқым егіліп, тәлімбақта бапталады. Стандарттық үлгіге жеткен кезде орман алқабына отырғызылады. Кейбір екпе бір жылда, кейбірі 2-3 жылда өсіп-өнеді. Тамыры терең, сабағының диаметрі 3 мм, биіктігі 15-40 см болуы тиіс. Алдағы бес жылда 10 түрін егеміз. Олар: қарағай, терек, қайың, шаған, шегіршін, қарақат, жиде, қара сексеуіл, орман алмасы, үйеңкі», - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит Қылышбаев. Осы жолмен жыл сайын 500-600 гектар жерді орманмен көмкерілген алқапқа айналдыру көзделген. Жоспар бойынша биыл барлығы 1 мыңнан гектардан астам алқапқа 2 млн түп жасыл өскін отырғызылады. Ал бес жылдық меже - 60 млн түп екпе.

«Жоспардың тең жартысы орындалды. Ауа райын байланысты кейбір аудан жұмысты бастай алмай отыр. Бес жыл бойы күтім жасап, кейін орман алқабының есебіне аламыз. Негізі еккен өскін суарылмайды. Табиғи жолмен өсуі тиіс. Осылай біз 2022-2023 жылдары жыл сайын 7 мың га алқапқа екпе егеміз», - деді Ғабит Қылышбаев.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін ел көлемінде 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойған болатын. Сонымен қатар, елімізде жыл сайын 372 млн түп тал егілетіндігі айтылды.