Қағазға жазған жазбаны цифрлық форматқа көшіреді, аудиожазба жасайды.
Сурет: videorista.com
Қазіргі таңда заманауи «ақылды» технологиялар нарығы қарқынды дамуда. Осы ұлы көштен кеңсе тауарлары да қалыспай келеді. Мұндай құрылғылар мен тауарлар жұмыс өнімділігін арттыруға, жайлылықты көбейтуге және уақытты үнемдеуге бағытталған.
«Ақылды» кеңсе тауарларының пайдасы мен маңыздылығы өте көп. Олар жұмысты өнімді әрі тиімді етуге, жұмыс ортасының жайлылығын қалыптастыруда үлкен көмекші. «Ақылды» кеңсе тауарлары автоматтандырылған процестер арқылы көптеген күнделікті қайталанатын істерді жеңілдетеді. Жұмыс барысын жеделдетіп, зейінді негізгі міндеттерге аударуға мүмкіндік береді.
Көптеген «ақылды» құрылғылар бұлтты сақтау жүйесімен, мобильді қосымшалармен байланыса отырып жұмыс істейді. Бұл қашықтан жұмыс істейтіндер үшін өте ыңғайлы: жазбалар, кестелер, құжаттарды сақтау, жіберу, көшіріп алу кез келген жерде қолжетімді.
«Ақылды» кеңсе тауарларының кейбірі, мәселен, биіктігі реттелетін үстелдер мен дене қимылын бақылайтын құрылғылар, т.с.с. арқасында қызметкерлер денінің саулығын, физикалық белсенділікті сақтай алады.
Осының бәріне қосымша, жұмыс барысында заманауи «ақылды» технологияларды қолдану компанияның беделін көтереді. Қызметкердің имиджіне «жаңашыл, заманауи технологияларды игерген» деген синды сипаттамаларды телиді. Бұл көп жағдайларда әріптестер мен клиенттер үшін маңызды фактор болуы мүмкін.
Ендеше, соңғы жаңалықтарды бақылаудан тыс қалдырмаңыз. Қазіргі нарықта сабақ оқу не кеңсе қызметі барысында қолдануға болатын қандай «ақылды» құрылғылар барын біліп жүріңіз. Өзіңізге керегін алып, қолданып, игілігін көріңіз.
Қолтаңба қою құрылғысы
Қолтаңбаның әр жолы бірдей әрі біркелкі шығуы үшін қолдануға болатын бірнеше заманауи гаджеттер мен технологиялар бар. Мұндай құрылғылар көбінесе құжаттарға цифрлық қолтаңба қою, роботтандырылған қолтаңба жасау, немесе электрондық қол қою мақсатында қолданылады.
- Электрондық қолтаңба планшеттері – Wacom Signature Pad (STU-300, STU-540 т.б.), Topaz Signature Pad. Мақсаты: бір рет жазылған қолтаңбаны цифрлы түрде сақтап, қайта-қайта дәл сол күйінде қолдану. Құрылғылардың артықшылығы – қолтаңбаңыздың стилі, қозғалыс жылдамдығы жазылып, дәл көшіріледі. Қолтаңба PDF немесе Word құжаттарға бірден енгізіледі.
- Электрондық қолтаңба программалық жасақтамалары. Мәселен, Adobe Acrobat Sign, DocuSign, HelloSign. Заңдық күшке ие электрондық қолтаңба. Мақсаты – бір рет жазылған цифрлы қолтаңбаны әртүрлі құжаттарға дәлме-дәл енгізу. Осы арқылы уақыт үнемдеуге, бірнеше құжатқа бірдей қолтаңба қоюға көмектеседі.
- Қолтаңба роботтары немесе автоматты қол қою құрылғылары. Autopen (Signature Machine) – механикалық құрылғы, нақты қаламды ұстап тұрып, қолтаңбаны физикалық түрде қағазға салады. Президенттер, директорлар, танымал адамдар жиі қолданады.
- Цифрлық қаламдар мен планшеттер. Мысалы, Apple Pencil + iPad, Samsung S Pen + Galaxy Tab, Microsoft Surface Pen. Қолтаңбаны жазып алып, кейін бірдей етіп құжаттарға салуға болады.
«Ақылды» қаламдар (smart pens)
Мысалы, Neo Smartpen, Livescribe Pen, Moleskine Pen+. Мұндай қаламдар қағазға жазған жазбаларды автоматты түрде цифрлық форматқа көшіреді, цифрлы түрде сақтау мүмкіндігін береді. Кейбірі аудиожазба да жасайды.
«Ақылды» жазу тақталары (smart boards)
Айталық, Smart Notebooks/Boards сынды интерактивті экрандар. Оларда жазуға, сурет салуға, презентация көрсетуге болады және оларды бірден компьютермен немесе бұлттық жүйемен синхрондай аласыз.
Rocketbook – қаламмен жазып, кейін оны өшіріп, қайта қолдануға болады. Жазбалар бұлтқа (Google Drive, OneNote т.б.) жіберіледі.
Wacom Smartpad – қағазда жазғанды цифрлық форматқа айналдырады.
«Ақылды» үстелдер (smart desks)
FlexiSpot, UPLIFT Desk – биіктігі реттелетін үстелдер. Жұмыс барысында отыру мен тұру режимін алмастырып тұруға көмектеседі. Кейбір модельдерде денсаулық көрсеткіштерін бақылайтын сенсорлар бар, олар уақыт ескертуін немесе калория есептеу функциясын ұсынады. Келесі бір түрлеріне зарядтау құрылғылары және Bluetooth арқылы қосылатын функциялар кіріктірілген.
Электронды стикер және ескертпе жүйелері
Boogie Board Blackboard, reMarkable tablet – кәдімгі қағаз стикерлердің орнына қолданылатын, экранда ескертпе шығаратын, күнтізбемен синхрондалатын гаджеттер. Қағазсыз жазуға, жоспар құруға және оны оңай сақтауға мүмкіндік береді.
«Ақылды» жарықтандыру (smart desk lamps)
Автоматты түрде жарықты реттейтін, адамның қозғалысын анықтайтын және өнімділікке оң әсер ететін жарықтандыру жүйелері. Мәселен, BenQ e-Reading Lamp, Philips Hue. Құрылғы көзге жайлы жарық береді, кейбірі автоматты түрде жарық күшін реттейді және қосымшалар арқылы басқарылады.
«Ақылды» термос пен кофе қайнатқыштар
Кеңседе кофе ішуді автоматтандыру үшін уақытты белгілеп қоюға болатын, смартфон арқылы басқарылатын құрылғылар.
Ember Smart Mug – кофе немесе шайды қалаған температурада ұзақ ұстап тұрады.
Smart Coffee Makers – смартфон арқылы басқарылатын кофеқайнатқыш.
«Ақылды» диктофон және аудио құрылғылар
Sony Digital Voice Recorder, Senstone Scripter, т.с.с. Олардың көмегімен лекция, жиналыс немесе идеяларды жазуға, кейін автоматты түрде мәтінге айналдыруға болады.
«Ақылды» кеңсе креслолары
X-Chair with Elemax, Herman Miller Smart Chairs – буындар мен сүйектерге залал келмеуі үшін орындықта дұрыс отыруды қадағалайды. Отырысты бақылайды, кейбірінде массаж, жылыту, суыту жүйелері бар.
Міне, ең танымал және пайдалы «ақылды» кеңсе тауарлардың тізімі. Қазіргі уақытта олардың көпшілігі Amazon, Kaspi, AliExpress сияқты платформаларда қолжетімді.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: