Алматы облысында алтыншы сынып оқушысы мектепте таяқ жеген

0
739

Мектеп басшылығы көмек көрсетудің орнына зәбір көрген баланың анасын сабамақ болған.


Алматы облысында алтыншы сынып оқушысы мектепте таяқ жеген

ERNUR.KZ. Алматы облысында алтыншы сынып оқушысы мектепте таяқ жегеннен кейін, ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Мектеп басшылығы көмек көрсетудің орнына зәбір көрген баланың анасын сабамақ болған, деп жазады Express Qazaqstan.

Зарина Юсупова есімді облыс тұрғыны өзінің ұлын сабаған адамдар заң алдында жауап беруден жалтару үшін бар айланы жасап жатқанын айтады, деп мәлімдейді Астана телеарнасы.

Мұғалімдер 12 жасар Арманның анасына телефон шалып, баласын мектептен алып кетуді сұраған. Олардың айтуынша, екі бала мектепте күресіп қалып, алтыншы сыныпта оқитын Арман шамалы жарақаттанып қалған. Алайда мұғалімдер баланы мектеп дәрігері қарады, ешқандай жедел жәрдем шақырмаңыз деп өтінген.

"Олар маған мектепке комисся келіп жатыр, шу көтермеңізші, біз Арманға өзіміз жәрдем береміз деп айтты. Мен олардың айтқанына сеніп қалдым. Алайда содан кейін маған мектептен ешкім жауап қатпады", - деп мұңын шақты Арманның анасы.

Мектептен келгенде Арманның бетінде кішкене жырылған жара болған. Кешкісін оның беті ісіп, бір жағына қарай салбырап қалған. Зәресі қалмаған Зарина Юсупова мектепке хабарласады. Бірақ оған ешкім жауап бермеген.

Арманға ота жасаған дәрігер енді кешіккенде баладан айырылып қалу мүмкін екенін айтты. Оқушының жарасына инфекция түскен.

"Уақыт өткізіп, жарақатын асқындырып алған. Жедел операция жасалды. Шамалы кешіккенде, жағдайы тіпті ауыр болар еді. Қазір операциядан кейін баланың жағдайы жақсарды", — дейді хирург Бәйкен Тоққожаев.

Мектеп басшылығы аталмыш оқиғаға қатысты түсінік бере алмай отыр. Ал жергілікті полиция қызметі ешкімнен арыз-шағым түспегінін айтуда.

"Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына мектептен де, дәрігерлер мен ата-анадан да ешқандай шағым түскен жоқ", — деп жауап берді Алматы облыстық ПД өкілі Әбілтай Әбенов.

Қазіргі таңда бұл іске қатысты полицейлер тексеру жұмыстарын бастағаны мәлім болды.