Алматы облысында өрт салдарынан 34 адам баспанасыз қалды (видео)

0
446

Алматы облысы, Талғар ауданындағы Төңкеріс ауылында болған өрттен 34 адам баспанасын тастап, туыстарының үйін паналауға мәжбүр.


Алматы облысында өрт салдарынан 34 адам баспанасыз қалды (видео)

ERNUR.KZ. Барак типті үйде 8 пәтер болған. Абырой болғанда тұрғындар дін аман, дер кезінде далаға шығып үлгеріпті, деп жазады exk.kz.

Аудандық әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында өртенген үйде 34 адам тұратыны жазылды. Қамыстан құрылған барак типті баспанада 8 пәтер болған.

"Үйде барлығы 34 адам тұрады. Оның 16-сы бала. Өртенген 6 пәтерде барлығы 30 адам тұрған, оның 15-і бала. Үй 1952 жылы қамыстан салынған. Үйі өртенген отбасыларға мемлекет есебінен көмек беру мәселесі қаралады", - делінген жазбада.



Облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер отты сөндіруге өңірдегі үш ауданның өрт сөндірушілері жұмылдырылғанын айтты.

"Өрттің шығуына ішкі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды. Оқиға орнына Талдықорған қаласынан өрт сынақ зертханасы жіберілді. Отты сөндіруге Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле ауданынан 13 өрт сөндіруші, 5 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт кезінде ішінара опырылып құлауымен 8 пәтерлік барак үлгісіндегі 1 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанғаны анықталды", — деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта өртенген үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімдік туыстарын паналаған тұрғындардан өтініш түссе уақытша пәтерге орналастыру жағын қарастырамыз деп отыр.