Алматыда 18 жастағы жігіт таксиде жұмбақ жағдайда қайтыс болды

0
557

Сот-медициналық сараптамаға сүйенсек, жігіттің миына қан құйылған.


Алматыда 18 жастағы жігіт таксиде жұмбақ жағдайда қайтыс болды

ERNUR.KZ. Алматыда жол апатынан қаза тапқан 18 жастағы Расул Тұрсынбаевтың ата-анасы әділ тергеуді талап етеді, деп жазады Tengrinews.kz.

Марқұмның туыстарының айтуынша, жігіт қадір түнінде үйге қайтып келе жатып такси салонында түсініксіз жағдайда қайтыс болған. Қайғы кешіп, қан жұтқан ата-ана істің мән-жайы толық қарастырылмағын айтты.

18-ге толғанына 2 апта болған Расул мешіттен үйіне қайтпақ ниетпен такси шақырады. Түн жарымында бейтаныс екі жігітпен бір көлікте кетіп бара жатып, ол әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып та үлгерген. Қазір қолда бар санаулы деректің бірі - осы. Бейнеде Расул отырған көліктің жол ортасымен кетіп бара жатқанын анық байқауға болады. Ал жиекте тоқтап тұрған жүк көлігіне барып соғылғандарын рөлде болған жігіт те, оның досы да "ұйықтап кетіппіз" деп түсіндірген.
"Екі ана, шофермен жолдас, аман. Қолында дақ та жоқ. Ал менің ұлым көліктің артында, қауіпсіз жерде отырған. Беті де, басы да жараланып, денесінің бәрі көгерген", – деді Расул Тұрсынбаевтың әкесі Мұрат Тұрсынбаев.

Апат тіркелген уақыттан 1 сағат өткенде Расул қайтыс болады. Сот-медициналық сараптамаға сүйенсек, жігіттің миына қан құйылған. Бірақ ескерер тағы бір жайт, адвокаттың айтуынша, азаматтың денесінің кей тұсы көгерген. Ал жоғарыда айтқан Расулдың соңғы тікелей эфирінде оның екі жүргізушімен сөзге келіп қалғаны да таспаланған. Сондықтан, ата-анасы апат алдында балалардың өзара төбелесуі де мүмкін деп отыр. Бұл әзірге тек болжам ғана.

"Әке-шешесі келіп, кешірім сұрады. "Баламды кешіріңізші, көмектесейін" деді. Мен керек емес дедім. Баламды соңғы сапарға өзім аттандырамын", – дейді Мұрат Тұрсынбаев.
Ал қорғаушы іс әлі де жүріп жатқанын, бірақ көп дерек назардан тыс қалғанын айтты.
"Аталған іспен таныстым. Адвокат ретінде бұл іс ауыр қылмысқа жатады. Өйткені қайтыс болған баланың денесінде көгерген жерлері бар. Біз қазір толық сараптамаларды жүргізуін талап етеміз", – деді қорғаушы Аида Данабекова.
Заңгер тиісті бейнетіркеуді де ала алмай отырғанын айтады. Құзырлы органдардың бұған дейін берген түсініктеріне сүйенсек, автокөлік шетелдік номермен тіркелген, сондықтан оны "Сергек" бейнекамерасы арқылы бақылау мүмкін емес.
"Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда анықтау басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс аясында бірқатар сараптамалық зерттеу тағайындады. Осы сараптамалық зерттеулердің нәтижесі өндіріске келгеннен кейін Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 190-бабына сәйкес, іс материалдары сотқа жөнелтіледі", – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Істің ара-жігі ажыратылмады деуге әлі ерте. Өйткені, бұған дейін 2 сот отырысы өткен. Алда әлі бірнеше тыңдалым бар.