Алматыда 79 млн теңге бюджет қаржысын "жеп қойған" емхананың қызметкерлері сотталды

0
694

Сот емхана қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды.


Алматыда 79 млн теңге бюджет қаржысын

ERNUR.KZ. Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында емхана қызметкерлеріне қатысты аса ірі мөлшерде жымқыру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлады деген айып бойынша қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015-2022 жыл аралығында емхананың бас дәрігері К. бас есепші Н. және кадр бөлімінің инспекторы С.-мен алдын ала қылмыстық келісім орнатып, іс жүзінде жұмыс істемейтін 19 тұлғаны қызметке тағайындау туралы бұйрықтарды рәсімдеу жөніндегі іс-әрекеттерге басшылық еткен. Ресми түрде рәсімделген қызметкерлердің шоттарына ай сайын еңбекақы жіберіліп отырған. Қылмыстық әрекетке барғандардың бұл қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.

К., С., Н. құқыққа қайшы әрекеттері арқылы мемлекетке 79 млн теңгеден астам шығын келтірді.

"Залалды өтеу шараларын ескере отырып, екі тұлға 7 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. С.-ға 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды, Н. 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот бас дәрігер К.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ол орта қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде жазасын өтейтін болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды", - делінген сот үкімінде.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.