Қазан айының басында Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласының зорланғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын.
ERNUR.KZ. Алматы полициясы жекеменшік мектептердің бірінде 7 жасар баланы зорлау фактісіне қатысты сот-медициналық комиссия сараптамасының қорытындысын жариялады, деп жазады inform.kz.
Алматы қалалық Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігімен қарастырылған қылмыс бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Сот-комиссиялық сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша баланың денесінде сыртқы және ішкі жарақаттар табылмады. Қазір қосымша сараптама тағайындалды. Сондай-ақ геномдық ДНҚ сараптамасы жүргізілді, ол бөгде биоматериалдың жоқ екендігін анықтады», - деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бақылау камераларына түскен бейнежазбалар тергеу үшін тәркіленіп, мұқият сараптамадан өтті. Алайда қылмыстық іс жүргізу заңнамасының, атап айтқанда, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу туралы мәліметтер жария етуге жатпайды.
Еске салайық, қазан айының басында Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласының зорланғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын.
Кейін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков аталған дерек Бостандық ауданы полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 121-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелгенін және бірқатар сараптама тағайындалғанын айтқан еді.
Қазан айының соңында 7 жастағы оқушының анасы тағы бір мәлімдеме жасап, еліміздің Ішкі істер министрі мен Бас прокурорына жүгінді.