Қайтыс болған адамның денесі табылған жерге тек полиция қызметкерлері баруы тиіс.
ERNUR.KZ. Алматыда аурухадан тыс жерде қайтыс болғандардан коронавирустың бар-жоғын анықтайтын міндетті тестілеу тоқтатылды. Қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осындай қаулы шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.
Бекітілген құжатта медициналық ұйымнан басқа жерде қайтыс болғандардың денесіне коронавирусты анықтайтын лабораториялық талдау жүргізілмейтіні жазылған.
"Әкімдік жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабтың 9.04.2020 жылғы № 11 "COVID-19 күдік бойынша азаматтардың өліміне және анализдер алуға байланысты мекенжайға бару кезіндегі іс-қимылдарды бекіту туралы" хаттамасының күші жойылсын", - делінген құжатта.
Қайтыс болған адамның денесі табылған жерге тек полиция қызметкерлері баруы тиіс. Олар өлімнің себептерін анықтайды.
Сондай-ақ, медициналық мекемелердің стационарларынан тыс жерде дене табылса Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұрын емханада тіркеуде болғандарға өлім туралы анықтама беруін қадағалау керек.