Көрші елдің сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін Шымкентте 38 қырғызстандық ұсталған.
ERNUR.KZ. Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Алматыда 32 жастағы қырғызстандықтың қайтыс болғанын растады. Қазіргі кезде оның туған-туыстарымен байланыс орнатылды. Ал Қазақстанның ішкі істер органдары адам өлімі бойынша тергеуді бастап кетті, деп жазады Sputnik.
Көрші елдің сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін Шымкентте 38 қырғызстандық ұсталған. Бірақ тексерістен кейін босатылыпты. Осы елдің омбудсмені Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға хат жолдап, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған Қырғызстан азаматтарына құқықтық көмек беруге өтініш жасады.
Қырғызстанның премьер-министрі Ақылбек Жапаров та әрбір расталған жағдай бойынша әділ тергеудің болатынына сенім білдірді.
Айта кетері, күні кеше Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахунов ұсталған болатын. Бүгін оны босатып, Қырғызстанға жеткізген.
Sputnik Қырғызстанның мәліметіне сәйкес, осы елдің сыртқы істер министрлігі Викрам Рузахуновты соққыға жығу бойынша Қазақстанның құқық қорғау органдарына қатысты тергеу жүргізіп, қылмыстық іс қозғауға бастама көтерді.
Қазіргі кезде Алматыдағы қақтығыстар кезінде қайтыс болғандардың арасында басқа да қырғызстандықтардың бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қазақстанда жүрген қырғызстандықтар қайда хабарласа алады
Бүгінде Қырғызстанның елшлігі және Алматыдағы бас консулдығы барлық жағдайды бақылап, шұғыл шараларды атқарып жатыр. Мәселен 6-9 қаңтар аралығында Алматыда жүрген қырғызстандықтарды эвакуациялау жұмысы қолға алынды. Көлік құралдары мен 42 адам Қырғызстанға қайтарылды. Олардың ішінде шет елдің азаматтары да бар.
Қырғызстанның Алматыдағы бас консулдығы:
+7 777 8150072, +7 777 0371448, +7 777 0275596, +7 775 4634295.
Қырғызстанның Нұр-Сұлтандағы елшілігі:
+7 776 124-88-33, +7 777 4733009.