Астана қаласында наразы аналар президент пен үкіметке талап қойды.
фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. 6 ақпанда Астана мен Алматы қалаларында ана мен бала мәселесін көтерген ондаған тұрғын жергілікті билікке талаптарын жеткізді, деп жазады azattyq.org.
Астанадағы "Астана" концерт залына жиналған ондаған анамен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев кездесті. Билік өкілімен кездесуде сөйлеген аналар Астанада бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да бар екенін айтты. Олар баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы проблемасын қозғады.
"Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!" деді сөйлегендердің бірі.
Жиында сөз алған тағы бір ана Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда мемлекет басшысы мен үкіметке Қазақстанда әр балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал 4 және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен.
Айта кету керек, өрттен қаза болған бес баланың жағдайынан кейін Алматы қаласында да көпбалалы аналар әкімшіліктің алдына жиналғаны хабарланған еді.