Атырау облысында бес күн бойы жанған қамыс өрті сөндірілді

0
415

ТЖД өкілдері тұрғындарға ескерту жасады.


Атырау облысында бес күн бойы жанған қамыс өрті сөндірілді

ERNUR.KZ. Атырау облысында 2 сәуірден бері жанып жатқан қамыс өрті сөндірілді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Каспий теңізінің жағалауындағы өрт 6 сәуірде сағат 21.30-да сөндірілген.

«Қазақстан Ғарыш сапары» космомониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ақпаратына сәйкес, өрттің жалпы ауданы 1200 га құрады. Қамыс өсімдіктерінің өртінен флора мен фауна зардап шеккен жоқ, өйткені құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, өрт 2 сәуірде сағат 9.12-де Атырау қаласының Дамбы ауылынан 30 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауының сулы, батпақты жерінде қамыстын жануынан басталған болатын.

Жану ошақтары анықталғаннан кейін Атырау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді.

5 күн бойы өрт сөндірушілер жалынмен күресті. Жел бағытының өзгеріп отыруы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сондай-ақ қамыстың тығыз қалың баурайы өрт сөндірушілерге қиындық туғызғанын айта кеткен жөн.

«Өрт сөндіру автотехникасына өту жолдарының болмауына байланысты, өртті сөндіру жаяу түрде өрт сөндіргіштер мен хлопушкаларды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Қамыс өртін жоюға ТЖД 42 қызметкер мен 7 бірлік техника және «Ақ Жайық» табиғи мемлекеттік резерватынан 30 адам мен 9 бірлік техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылды. Сонымен қатар қамыс өсімдіктерін сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның СТҚ-5 су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Өрт сөндіру кезеңінде тікұшақ өрт ошақтарына әуеден 86 рет, жалпы көлемі 260-қа жуық тонна су төгілді», - дейді ТЖД өкілдері.

ТЖД қызметкерлері Атырау облысының тұрғындарына табиғатқа, аң аулауға шыққан кезде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға: отты жақпауға, оларды қараусыз және сөндірілмеген күйде қалдырмауға кеңес береді.