Атырауда қаскөйлер иттің аузына бөтелке жабыстырып, сірке суын құйған

0
429

Оқиға Атырау қаласында 26 сәуірде орын алған.


Атырауда қаскөйлер иттің аузына бөтелке жабыстырып, сірке суын құйған

ERNUR.KZ. Атырау облысында қаскөйлер иттің аузына скотчпен бөтелке жабыстырып, сірке суын құйып, қинаған, деп жазады stan.kz.

Мұны Атырау қаласының кинологы Мамучар Карлович парақшасына жариялап, итке көмек керек екенін айтты.

Оқиға Атырау қаласында 26 сәуірде орын алған. Әлдекімдер пластик бөтелкені кесіп, түбін иттің аузына жабыстырып қойған. Ит қоқыс жәшіктердің жанында ауыр халде жатқаны бейнежазбаға түсіп қалды. Жанында сірке суының бос бөтелкесі жатыр. Зообелсендінің айтуынша, иттің үстінен сірке суының иісі қатты шыққан.

Кинолог-мамандар итті құтқарып, оның өмірін сақтап қалуға тырысуда. Айтуларынша, тілі мен көмейі күймеген. Олар сұйықтық тікелей оның асқазанын жарақаттауы мүмкін деп алаңдауда. Асқазан-ішек жолдары, бауырын емдеу шараларын жасау үшін дәрілік өнімдер алуға қаражат жинауды бастады.

“Күшікті толық тексердік. Ағзасын қалпына келтіру шарасын бастаймыз. Демодекозбен ауырады. Сірке суы өңешіне өтіп кеткен сияқты. Аяғынан тік тұрғызу үшін бәрін істейміз. Әзірге жағдайы ауыр, әлсіз”, – деді кинолог бейнежазбада.

Зообелсенділерге қыз бала хабарласып, иттің аузында бірнәрсе тұрғанын айтқан.

Мамандардың айтуынша, хабарлама түскенде, олар иттің жағы сынды деп жобалап, сұмдық жағдайдың куәсі болыпты.

Итке екпелер салынды.

“Жануарларға қатысты қатыгездік бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әзірге басқа ақпараттар белгісіз”, – деп мәлімдеді ПД баспасөз хатшысы.