"Азық-түлік қымбаттап кетті": Қарағандылық әйел балаларына тамақ таба алмай, интернатқа өткізді

0
1 360

Жұмыссыз үйде отырған көпбалалы анаға бірден жеті балаға тамақ тауып беру қиынға соққан.


ERNUR.KZ. Үш вице-министр мен әкім орынбасарлары азық-түлік бағаларының өсіп кетуін қадағаламағаны үшін жауапқа тартылатын болады. Елдің барлық өңірлерінде көкөністердің, дәнді дақылдар мен ет өнімдерінің бағасы шарықтап кеткен, деп жазады Stan.kz.

Бұл жағдай қазақстандықтардың қалтасына ауыр соққы болғандығы белгілі. Мысалы, осының салдарынан қарағандылық Жақұповтар отбасы екі баласын интернатқа беруге тура келген. Жұмыссыз үйде отырған көпбалалы анаға бірден жеті балаға тамақ тауып беру қиынға соғыпты. Балаларын жалғыз асырап отырған әйелге кейде оның көршілері көмектесіп тұрады екен. Кейде балаларына тамақ алуға қарызға ақша да алатын көрінеді. Десек те соның өзінде бағасы шарықтап тұрған азық-түлікті сатып алуға ананың қолы жете бермейді.

«Азық-түліктің бағасы қатты көтеріліп кетті. Жай ғана нан, картоп және пияздың бағасын айтсаңыз болады. Жұмыртқаны біз мүлдем сатып алмаймыз. Күнделікті тұтынып жүрген макарон өнімдері де қымбаттап кетті», - деді Қарағанды тұрғыны Әсемгүл Жақұпова.

Бағалардың көтерілуі Атырау, Жамбыл облыстарында, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында байқалған. Қызылорда, Түркістан мен Шымкентте көкөністердің, ұнның, нан мен сиыр етінің бағасы күрт өсіп кеткен. Жалпы базарлардағы баға 15 пайызға дейін өскен. Әсіресе, қарақұмықтың бағасы шарықтап кетіпті. Осы жылы дақылдың бағасы 60 пайызға көтеріліп кетіпті.

«Бағалардың өсуіне өндірушілердің егістік алқабын қысқартуы себеп болды. Көршілес Ресейде де осы жағдай байқалады. Бұл бағытта ақсап тұрған нәрсе тауар өндірушілердің азық-түлік өнімдерін дұрыс тасымалдамау және оны еліміздің әрбір аймағына дұрыс үйлестірмеу болып табылады. Сонымен қатар қымбат әрі тиімді емес делдалдардың қызметі де жағдайды ушықтыра түсуде», - деді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Бұған қоса министр осы жағдайды қадағалаусыз қалдырған вице-министрлер мен облыс әкімдерінің орынбасарларын жауапқа тарту керектігін айтты. Сонымен қатар ол қоғамда маңыздылыққа ие азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру туралы ұсыныстар қабылдайтын қызметкерлер тобын ұйымдастыруды талап етті.