Батыс Қазақстанда көлікпен бірге суға батып кеткен балалар өлімінің мән-жайы айтылды

0
615

​Өзенге түсіп кеткен көлік ішіндегі балаларды құтқару үшін ата-анасы терезенің шынысын сындыруға тырысқанымен, нәтиже болмаған.


Батыс Қазақстанда көлікпен бірге суға батып кеткен балалар өлімінің мән-жайы айтылды

ERNUR.KZ. Демалыс күндері көлікпен Шаған өзеніне батып кеткен үш баланың туыстары қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады sputniknews.kz.

Трагедия 3 қазанда Батыс Қазақстан облысындағы Достық ауылына жақын жерде болған. Үш бала көлікпен бірге Шаған өзеніне батып кеткен. Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер бірден суға секіргенімен, тым кеш болды. 6, 7 және 9 жастағы балалар көз жұмды.

Үш бала да Достық ауылының тұрғыны. Оның екеуі – 7 және 9 жастағы ұл бір үйдің баласы. Қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайысып отырған ата-ана мен туыстарының сөзіне қарағанда оқиға әп-сәтте болғаны соншалық, балаларды ересектер құтқарып үлгермеген.

Олар демалысты пайдаланып, балалармен бірге табиғат аясына шыққан. Үлкендер балық аулап жатқанда, балалар әдеттегідей ойнап жүрген. Ал отағасы көлігін қырдың үстіне өзенге қаратып қойған екен.

"Біршама уақыттан кейін балалар телефонмен ойнаймыз деп, көлікке отырған. Машина "коробка автоматпен" жүреді. Шамасы, соны қозғап жібергеннен кейін автокөлік ылдиға қарай қозғалып кетсе керек", – дейді екі баланың туысы.

Өзенге түсіп кеткен көлік ішіндегі балаларды ата-анасы құтқаруға жүгірген. Бірақ автомобильдің есіктері бұғатталып қалған.

"Көлік жоғары инерциямен суға түскені сонша, өзеннің арғы бетіне таяған. Терезенің шынысын сындыруға әрекеттенгенімен, нәтиже болмаған. Су да өте суық болды. Бұл – өте ауыр қайғы, үлкен трагедия. Ата-аналарды кінәлауға болмайды, олай болатынын кім білген", – дейді балалардың туған-туыстары.

Ал көршілері болса, қос перзентінен бір мезетте айырылған ата-ананың теріс қылық танытпағанын, тіпті, ішімдік ішпейтінін де алға тартады.

"Қазір адамдар әлеуметтік желілерде сан алуан комментарийлер жазып жатыр. Бірақ ешкім шындықты білмейді ғой. Ол отбасында ешкім ішімдік ішпейді. Әкесі жүргізушісі болып істейді. Жасыратыны жоқ, жақсы адамдар", – дейді олар.

Екі ұлдан айырылған отбасында бір бала қалды. Ал 6 жастағы ұл бала қайтыс болған үйдің туған-туыстары да қатты қайғырып жүр.

"Отбасында екі бала қалды. Олар да сол жерде жүргенімен, көлікте отырмаған. Әп-сәтте қайғыдан қан жұтқан ата-ананың қазірше қандай да бір пікір айтуға шамасы келер емес", – дейді көз жұмған баланың әкесінің ағасы.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша (қауiптi жағдайда қалдыру) тергеу шаралары басталған.