Биылдан бастап 086 анықтамасының қағаз нұсқасы берілмейді

0
1 114

​Биыл сәуір-мамыр айларынан бастап 086 анықтамасының қағаз түріндегі нұсқасын беру жұмысы тоқтатылады.


Биылдан бастап 086 анықтамасының қағаз нұсқасы берілмейді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі 086 анықтамасын толығымен электронды форматқа ауыстырады. Ал барлық мәлімет жыл сайынғы медициналық тексеріс нәтижесі бойынша енгізіледі, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, биыл сәуір-мамыр айларынан бастап 086 анықтамасының қағаз жүзіндегі нұсқасын беру жұмысы тоқтатылады. Барлығы электронды түрде жасалады. Адам денсаулығына қатысты деректер жыл сайынғы тегін медициналық тексерістен алынады. Соның негізінде 086 анықтамасының электронды үлгісі де жасалады.

"Қазақстанның әрбір азаматы жылына бір рет тегін медициналық тексерістен өтуге құқылы. Осы ақпараттың бәрі біздің ақпараттық жүйелерімізде сақталады. Ал басқа мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары сұрау салып, адамның жеке рұқсатымен ала алады. Мысалы, көлік жүргізу куәлігін жасағанда соңғы медициналық тексеріс мәліметтерін алдыртып, соның негізінде 086 анықтамасын электронды форматта жасайды", - деді Әбішев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 086 анықтамасын заңсыз жасау бойынша бірнеше тексеріс өткізген болатын. Осы кәсіппен айналысқан адамдар да ұсталған еді. Ал интернетте 086 анықтамасының саудасы қызып тұр. Сол кезде агенттік басшысы Алик Шпекбаев кеңестік заманнан қалған осы санаттағы анықтамалардан бас тартып, бәрін электронды форматқа ауыстыру қажеттігін жеткізді.