Дариға Назарбаева: Биліктің беделін сапасыз заңдар түсіреді

0
801

Үкімет жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия атап өтілді.


Дариға Назарбаева: Биліктің беделін сапасыз заңдар түсіреді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Парламент Палаталарында заң жобаларының қаралу кестесі бойынша кеңес өткізді. Шараға Мәжіліс басшылығының өкілдері, Сенат Бюросының мүшелері, Әділет министрі, Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ Парламент Палаталары аппараттарының басшылары қатысты, деп жазады zakon.kz.

Дариға Назарбаева кіріспе сөзінде заң шығару процесінің жалпы жақсарып келе жатқанына қарамастан, ұйымдастыру мәселелерін қарау барысында бірқатар шешілмеген мәселелер бар екенін атап өтті.

"Біздің басты міндетімізді орындауға – сапалы заңдарды қабылдауға кедергі келтіретін жүйедегі ақауларды білу үшін барлық тараптарды тыңдау керек", - деп атап өтті ол.

Заң жобаларының 90 пайызы Үкіметтің бастамасымен әзірленетінін атап өткен жөн. Заң жобалары жұмыстарының жоспары жыл сайын бекітіледі, онда заң жобаларының Парламентке әкелу мерзімдері көрсетіледі.

"Дегенмен жоспар іс жүзінде сақталмай отыр, жыл соңына қарай Парламентке заң жобаларын беру мерзімдері үнемі өзгеріп кетеді. Менің ойымша, бұл жоспарлаудың сапасыздығы мен орындау тәртібінің төмендігін көрсетеді. Осыған байланысты заң жобалары жоспарының орындалуын жоспарлау мен бақылауды жақсарту қажеттігіне Үкімет өкілдерінің назарын аударғым келеді", - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасының айтуынша, Үкіметтің Парламентке әкелетін заң жобаларының сапасы да одан кейінгі проблема болып табылады. Үкімет бастамасымен әзірленген заң жобалары бойынша Мәжіліс ауқымды жұмыс жүргізеді, оларға түзетулер енгізіп, кейде заң жобасы қайта жазылады. Депутаттардың кейбір түзетулеріне қаржы шығындары талап етіледі, оған Үкіметтің қорытындысы қажет болады, ал ол уақыт алады. Үкіметтің қорытындылары келгенше көбінесе тиісті мерзім бұзылады.

"Бір ғана мысалды келтірейін - жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері жөніндегі заң жобасы. 11 қыркүйекте Мәжіліске түсіп, онда үш ай қаралды. Сенатқа 12 желтоқсанда келді. Егер барлық мереке және демалыс күндерін есептен алып тастайтын болсақ, онда 3 жұмыс күнінен кейін оны Палата отырысында бірінші оқылымда, ал 3 жұмыс күнінен кейін – екінші оқылымда қарауға мәжбүр болдық. Осылайша, Сенат осы заң жобасын Сенат отырысында қарау күндерін ескере отырып 8 жұмыс күні ғана қарады. Бұл қалай болғаны? Бұл біздің жұмысымыздағы алшақтықтың бір ғана мысалы", - деді Д.Назарбаева.

Кездесу барысында сондай-ақ заң шығару үдерісіндегі маңызды буын – Үкімет жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия атап өтілді.

"Сенат қабылданатын заңдардың сапасына өз өкілдері арқылы қандай да бір әсер ету үшін заң жобаларының тұжырымдамаларын бастапқы кезеңде талқылайтын осы комиссияның жұмысына қарқын берді. Осы комиссияның жұмысы туралы ережеге сәйкес, талқыланатын мәселелер бойынша материалдар комиссия мүшелеріне 7 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс, бірақ олардың мерзімдері жиі бұзылады. Осындай фактілерге жол бермеуге Әділет министрлігінің назарын аударамын", - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сенаторлардың заң жобаларына түзетулер енгізу құқығы талқылаудың жеке саласы болды. Мәселен, сенаторлар жобадағы қайшылықтарды анықтағаннан кейін заң жобасын жақсартатын түзетулерді ұсына бастайды, ал жобаны әзірлеушілер сенаторларға осы қайшылықтардың бәрі түзетілетінін, ол түзетулер келесі заң жобасында ескерілетінін айтып сендіреді, ал бұл заң жобасын мерзімінің шектелуіне байланысты түзетусіз қабылдау қажеттігі айтылады.

"Сенаторлар заң жобасын Мәжіліске ешқашан негізсіз қайтарған емес әрі қайтаруды ұсынбайды да. Сенаторлардың түзетулер енгізуі мен заң жобаларын Мәжіліске қайтаруды жұмыс бабындағы істер процесі ретінде қалыпты қарау керек. Біздің барлық ұсыныстарымыз сайып келгенде заң жобаларының сапасын арттыруға бағытталған. Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсіреді", - деді Д. Назарбаева.

Әділет министрі Марат Бекетаев өз кезегінде бүгінгі таңда заң жобаларының тұжырымдамасын әзірлеуге дейін оларды қоғамда халықтың барлық мүдделі топтарымен ашық талқылау үшін негізгі әдіс-тәсілдерді жариялауға арналған тетіктер дайындалып жатқанын баяндады.

Дариға Назарбаева сонымен қатар халықаралық келісімдерді дайындау рәсімдерін өзгертуді, оны әзірлеуге сенаторларды да қатыстыруды ұсынды. Сенат басшысы сондай-ақ Үкіметтің заң жобаларын келісу регламентін қайта қарауға назар аударды және ол бүкіл жұмысты созып жіберетіні әрі тетіктері нашар жұмыс істейтіні атап өтілді.

Сенат Төрағасы заң жобаларының тұжырымдамаларын талқылаудан бастап заң қабылданғанға дейін мекеме мүдделерін ысыра тұрып, ынтымақпен әрі келісіп жұмыс істеуді ұсынды.

"Әрбір заңның артында орасан зор адамдардың, кәсіпорындардың, бизнестің тағдыры тұр. Бұл өте маңызды мәселе. Үкіметті осы жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспарын қайта қарауға шақырамын, ол жұмыс істемей тұр", - деді Д.Назарбаева.