Елімізде емделетін шетелдік пациенттер саны артып келеді – нейрохирург

0
1 683

Соңғы жылдары 300-ден астам шетелдік пациент келіп, емделген.​


Елімізде емделетін шетелдік пациенттер саны артып келеді – нейрохирург

ERNUR.KZ. Бүгін туристік операторлар, Астананың туризм қауымдастығы, журналистер мен блогерлер елорданың жетекші клиникаларын аралады, деп жазады baq.kz.

Бұл шара еліміздегі медициналық туризмді дамытуға, қазақстандық клиникалардың əлеуетін көрсетуге, отандық медициналық қызметтерді алға жылжытуға бағытталған. Ақпараттық, медициналық тур қатысушылары Ұлттық нейрохирургия орталығының жұмысымен танысты.

Жоғары санаттағы нейрохирург дəрігер Нұрман Чабдаровтың айтуынша, 10 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан Нейрохирургия орталығына соңғы жылдары 300-ден астам шетелдік пациент келіп, емделген.

"Жылдан жылға бізге келетін шетелдік пациенттер саны артып келеді. Біз нейрохирургия, неврология саласында, яғни орталық жүйке жүйесі, бас, ми, омыртқа, жұлын аурулары бар науқастарға көмек көрсетеміз. Біз ота, дəрі-дəрмек, физиотерапия түрінде көмектесеміз. Негізінен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерден пациенттер жиі келеді", - деді Нұрман Чабдаров.

Дəрігер Тәжікстаннан келіп емделген əйелдің ауруханадан жазылып шығып, бүгін еліне қайтқанын мысалға келтірді. Ми ісігі деген қауіпті аурумен түскен науқасқа алты күн бұрын ота жасалған екен. Маман ЭКСПО кезінде де шетелдік науқастардың орталыққа келіп, ем-дом алғанын жеткізді. Дəрігер шетелдіктерге қызмет ақылы түрде көрсетілетінін айтты.

Ал, "КITO" туристік компаниясының директоры Жазира Жанкинаның мəліметінше, Қазақстандағы медициналық қызметтер Оңтүстік Корея, Еуропа елдерімен салыстырғанда 4-5 есе арзан əрі сапасы да жақсы. Сол себепті көршілес елдер Қазақстанды таңдайды.

Бұған қоса, тур қатысушылары Ұлттық кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, "Үміт" томотерапия жəне ядролық медицина орталығы мен бірқатар басқа медициналық мекеме жұмысымен танысты. Тур қатысушыларына инновациялық медициналық қызметтер, атап айтсақ нейрохирургия, кардиохирургия, ортопедия, онкология, ЭКО, Chec-up (диагностика), сəулелік диагностика мүмкіндіктері көрсетілді.

Атап өтсек, Қазақстанның медициналық мүмкіндіктері туралы ақпаратқа қол жеткізу үшін елімізде www.medicaltourism.kz бірыңғай онлайн порталы іске қосылған. Сондай - ақ, медициналық туризм бойынша Call-орталық іске қосылған, науқастар 1430 нөмірі бойынша тəулік бойы қажетті ақпарат пен кеңес ала алады.