Елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің бірі қолданысқа беріледі

0
2 402

Тұрғын үй кешені үлескерлерінің жалпы саны шамамен 500 отбасыны құрайды.


Елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің бірі қолданысқа беріледі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің бірі жақында қолданысқа берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


«Таңғы аралау кезінде құрылысы ұзаққа созылған Бағыстан тұрғын үй кешенінің құрылысы барысымен таныстым. Құрылысты аяқтау жолында ауқымды жұмыстар атқарылды: инвестор тартылды, "GLB" үй құрылысы комбинатының жұмысы жаңартылды, сыртқы және ішкі инженерлік желілер тартылды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер шешілді.

Бағыстанның "1" және "3" позицияларын осы жылдың көктемінде қолданысқа беруді тапсырдым. Осы позицияларға витраждар мен терезелер орнатылып, инженерлік желілер (су, электр, жарық, кәріз) тартылып қойды. 1-позиция бойынша жұмысшылар ішкі безендіруге кірісті. Тұрғын үй кешенінің үлескерлерінің жалпы саны шамамен 500 отбасыны құрайды. Ал "2" және "4" позицияларын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдым. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Бағыстанға кіреберіс жолдарды айқыш үшбұрыш түрінде жасауды жоспарлап отырмыз, абаттандыру жұмыстары көктемде басталады.

Үйлерді салу кезіндегі күрделі мәселелердің бірі - инженерлік желілерге қосылу. Бұл әрі қымбатқа түседі. Үйдің - құрылыс қарқынды жүріп жатқан ауданда орналасқанын ескердік, инженерлік желілер мәселесі жаңадан салынатын үйлер үшін де жедел шешілмек.

Құрылысы ұзаққа созылған үйлердің мәселесін шешуге "GLB" үй құрылысы комбинаты да көмектесіп келеді. Комбинат сонымен бірге әлеуметтік үй салуға жұмылдырылды. Сонымен бірге, бұрын құрылысы тоқтатылған Алтын шар - 2, Алтын шар-3 құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырдым. Үй құрылысы комбинатының несие берушілер мен кәсіпорын қызметкерлері алдында шамамен 600 млн теңге қарызы болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында бұл сома өтеліп, комбинаттың жұмысы қайта жанданды. Бұл шаралардың барлығы үйлердің құрылыс жұмыстарын жандандыру үшін жасалды.

Бір жарым жыл ішінде ұзақ құрылыс саны екі еседен астам азайды. Биыл пәтер кілтін көптен күткен тағы 7 мың үлескерге беруді жоспарлап отырмыз», - деп жазды елорда әкімі.