Елорданың карантин аумағы қала сыртындағы ауылдарға дейін кеңейтілді

0
878

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен мәлімдеді.


Елорданың карантин аумағы қала сыртындағы ауылдарға дейін кеңейтілді

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанның карантин аумағы қала сыртындағы елді мекендерге дейін кеңейтілді, деп жазады Stan.kz.

«Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне орай мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты, сондай-ақ халықты барынша хабардар ету мақсатында қосымша шектеулер мен профилактикалық және антиэпидемиялық шаралар қабылдануда. ҚР президенті жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қазіргі таңда үкімет тарапынан осы жұмыстарды атқарып жатыр. Тапсырмаға сәйкес 19 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу қаупіне байланысты карантин режімі енгізілді. Қала периметрі бойынша тұрғындардың қозғалысы мен көліктердің кіріп-шығуын шектеу үшін қала шеңберінде 6 блок бекет орнатылды, қосымша Ақмола облысына тағы 1 блок бекет орнатылды. Сонымен қала бойынша 7 блок бекет орнатылды», - дейді Бахтияр Мәкен.

Шенеунік елорда сыртындағы блок-бекеттеріне ҚР қорғаныс министрлігінің тиісті мамандық қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілдері, ішкі істер мамандары жұмылдырылғандығын айтып кетті.

«Қала басшылығы Қараөткел, Талапкер, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Шұбар ауыл тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттейді. Бұл елді мекен тұрғындарының қала шеңберінде қозғалыс ережелері мен қала тұрғындарымен теңдей санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай карантин аумағы қала сыртындағы елді мекендер шекарасына дейін кеңейтілді. Блок бекеттер осы ауылдардың сыртына орналастырылды», - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін карантин уақытында сырттан келетіндер кіргізілмейтіні жайлы айтылған еді.