Емшіге барып қолынан айырылған баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

0
734

Аталған мәселені БҒМ өз бақылауына алған.


Емшіге барып қолынан айырылған баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Маңғыстауда баласын емшіге апарып емдетемін деп, бір қолынан айырған ата-ана жауапқа тартылуы мүмкін. ҚР Білім және ғылым министрлігі құзіретті органдарға тиісті хат жолдаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, хат ІІМ және Маңғыстау облысының әкімдігіне жолданды. Онда зардап шеккен баланың құқын қамтамасыз ету мақсатында оның заңды өкілдерін, яғни ата-анасын жауапқа тарту туралы айтылған.

Еске салсақ, 6 маусым күні Маңғыстау облысы Қызылсай селосының 3-ші сынып оқушысы Ақпан Абдуллах велосипедтен құлап, бір қолын сындырып алады. Баланың ата-анасы дәрігерге барудың орнына, оны сынықшыға апарған.

«Біздің балалар ауруханасының травмотология бөліміне 17 маусым күні 8 жастағы бала түсті. Ауруханаға түскенге дейін білегін сындырып алған, емшілер қолына тығыз тамшы салып тастаған. Бізге келгенде баланың жағдайы өте ауыр болды, қолының басы қарайып, еті өліп қалған, жан жоқ. Содан кейін біз барлық орталыққа шықтық, консультация жасадық, хирургтерге көрсеттік. Бәрінің айтқан тұжырымдамасы – ампутация. 20 маусым күні ота жасалды. Сынықшы-емшіге барып ем алғанда, сынған сүйек әрдайым орнына келе бермейді. Қазір 21 ғасыр, заман, технология дамып жатыр. Сондықтан науқасты ең бірінші уақытылы ауруханаға жеткізіңіздер», - деді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының хирургі Құрман Қайранов.

Анықталғандай, бір жыл бұрын Абдуллахтың үлкен ағасы да қолын шығарып алған. Ол кезде де баланың ата-анасы дәрігерлерге бармай, ұлын емшіге апарған. Сол себепті баланың анасы емшінің үстінен ешқандай арыз түсіріп, қылмыстық із қозғауға ниетті емес екенін жеткізді.