Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау туралы істер алқабилер сотына беріледі

0
608

Алқабилер даулы істерді қарайды.


Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау туралы істер алқабилер сотына беріледі

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бүгінгі күнге дейін алқабилер сотталушының қалауы бойынша сотталушының өтінішімен тек өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген аса ауыр қылмыс жасалған істерді қарауға ғана қатысып келеді. Мысалы, 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер соты жылына орта есеппен 50 іс қараған, бұл жалпы соттармен қаралған істердің 9 пайызын құрайды. 2010-2012 жылдары алқабилер сотының соттылығы кеңейтіліп, барлық аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарастыру нәтижесінде жылына 300-ден астам істер қаралған», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов.

Депутат атап өткендей, азаматтардың алқабилер сотына деген сенімінің артуы мен оң нәтиже көрсетуінің арқасында 2019 жылы Қылмыстық процестік кодекске тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер сотымен қаралатын істер санаты кеңейіп, аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы алқабилер сотымен қаралады.

«Бұл саланы одан әрі дамыту, сот жүйесін демократияландыру, азаматтардың сот билігіне тікелей араласу құқығын кеңейту, сенімін арттыру мақсатында заң жобасымен алқабилер сотымен қарастырылатын істердің құрамын кеңейту ұсынылып отыр. Алқабилер сотының құзыретін кеңейтуді қарастыру барысында қылмыстың санатына емес, оның қоғамдағы маңыздылығына көңіл бөлінді», - деді Бекжанов.

Атап айтқанда, Заң жобасымен қоғамда үлкен резонансқа айналып жүрген жүргізушілердің жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу нәтижесінде және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуға қатысты істер құрамын алқабилер сотының құзыретіне беру көзделген.

Ресми статистикаға сәйкес, аталған фактілер бойынша өткен жылы барлығы 98 қылмыстық іс қарастырылса, осы жылдың 9 айында олардың саны 85-ке жетіп, қоғамның қызу талқысына түсіп отыр.

«Жылдың басында болған Қаңтар оқиғасын ескере отырып, азаптауға қатысты істер де ерекше назарға ие болды. Мұндай істер ашықтықты талап етеді. Мемлекет басшысы азаптауға қатысты істер бойынша бейтарап және объективті тергеу жүргізуді қамтасыз етуді тапсырды. Ол істер тек ел ішінде ғана емес, халықаралық ұйымдардың жіті назарында. Оған қоса, бұл қылмыс санатының саны да жыл сайын өсіп келеді: 2020-2021 жылдары 6 іс қаралса, биылғы 9 айда 5 іс қаралған. Сондықтан, менің ойымша, бұл істерді қарауды алқабилерге беру – қоғам талабына сай шешім болады», - деді депутат.