Төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында екі көліктің соқтығысуынан жас полицей мен оның зайыбы қаза тапты, деп хабарлайды ktk.kz.
Тағы төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. 26 қыркүйек күні Қарағанды-Жезқазған автожолында Құлайғыр ауылынан 5 шақырым жерде 40 жастағы ер адам тізгіндеген «Аudi» автокөлігі мен 25 жастағы ер адамның басқаруындағы «ВАЗ» көлігі соқтығысқан.
«Жол-көлік апаты салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі – полиция қызметкері мен оның 21 жастағы жолаушысы көз жұмды. 22 жастағы тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жатқызылды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Кейін анықталғандай, жарақат алған жолаушы әйелдің аяғы ауыр. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның және сәбидің өмірін аман алып қалу үшін күресуде. Сондай-ақ, «Аudi» иесі мен оның екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың бірі облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары. Оқиға кезінде жоғары лауазымды полицей демалыста болған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жол апаты себептері анықталуда.