Қарағандыда дүйім жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиға бойынша сот басталды

0
937

Сотталушылардың бірі соққыға жығылғанын мәлімдеді, адвокаттар істі прокурорға қайтаруды сұрайды.


Қарағандыда дүйім жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиға бойынша сот басталды

ERNUR.KZ. Қарағандыда жаңа жыл түні болған жаппай төбелес кезіндегі кісі өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Айыптаушылар арасында Армения азаматтары бар, сот отырысы Қарағандының тергеу абақтысында болған, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Іс 63 томнан тұрады. Сотталушылар қатарында 12 адам бар, олардың 11-і қамауда отыр. Он үшінші күдікті – Армения азаматы Нарек Гурурян Ресейден әлі экстрадицияланған жоқ. Оқиғадан кейін шекара асып үлгерген оған халықаралық іздеу жарияланып, артынша құқыққорғаушылардың қолына түсті.

Алдын ала тыңдау күдіктілер отырған СИ-16 тергеу абақтысында болды. Істі мамандандырылған тергеу сотының судьясы Шәріп Сейсембаев жүргізеді. Отырыста жәбірленуші тарап ешқандай өтінішхат берген жоқ. Бірақ қорғаушылардың айтар талабы бар болып шықты.

Қорғаушылар істі прокуратураға қайтаруды сұрайды

Адвокат Татьяна Рыбалкинаның айтуынша, Малхасян (айыпталушылардың бірі) төбелеске қатысқан жоқ, қаруы да болмаған, жәбірленуші тарап оған айып тақпайды, оның үстіне ол дәйекті мәлімет беріп отыр. Қорғаушы қамауда отырған күдіктінің бұлтартпау шарасын айырбастауды сұрады.

Істі процестік прокурорға қайтару керек, деп атап өтті Рыбалкина. Тағы екі қорғаушы да сондай өтінішхат беріп, қалғандары оларды жақтады.

Бұдан бөлек, қорғаушылардың айтуынша, айыптау актісіндегі баптарды ауыстыру керек, себебі сотталушылардың бәрі кісі өліміне кінәлі емес. Прокурордың пікірінше, өтінішхат қанағаттандырылмауы тиіс немесе процесс кезінде шешуге болады.

Айыпталушы соққыға жығылғанын айтты

Алдын ала тыңдау кезінде айыпталушылардың бірі өзін полицейлердің азаптап, ұрып-соққанын айтты. Қайыр Надырбековтың сөзіне сүйенсек, ұсталғаннан кейін полицейлер оған қылмысты мойындату үшін азаптапты.

Ол судьядан осы дерек бойынша тергеу жүргізуді сұрады. Судья 6 қыркүйекке дейін кеңес бөлмесіне кетті.

Жаңа жыл түні болған жаппай төбелес

Жаңа жыл түні Қарағандыда "Древний Рим" мейрамханасы жанында жаппай төбелес болды. Қатысушылардың бірі пышақ жарақатынан көз жұмса, екіншісі ауруханаға түсті.

Алдын ала мәлімет бойынша, мейрамхананың жабылуына наразы болған клиенттермен арада кикілжің туындап, арты жаппай төбелеске ұласқан екен. Кейбіреулер төбелеске таныстарын да шақырған. Келгендердің бірі сол жерде ажал құшты.

Қоғамдық резонанс

Оқиғадан кейін Қарағандыда наразылық толқыны жүріп өтті. Әлеуметтік желілерде төбелес ұлтаралық алауыздықтан туындады деген ақпарат пайда болды. Қазақстан мен Армения билігі мұны талай рет жоққа шығарған еді.

Қаза болған жігіттің отбасын жақтаушылар 2 қаңтарда түнде мейрамхана иелерімен сөйлесуге барған. "Древний Римге" полиция мен арнайы жасақ, содан кейін облыстық прокуратура басшысы Марат Сексембаев аттанды, ол келіссөз жүргізіпті. Бір аптадан соң полиция департаменті жанында бірнеше санкцияланбаған митинг болды, облыс әкімі Ерлан Қошановтың еңбек демалысынан шығуына тура келген. Жиналғандар істі мұқият тергеп, айыптыларды түгел қамауға алуды сұрады.

Күдіктілердің бірі қашып кетті

Қарағандыдағы мейрамхана жанындағы төбелеске қатысы бар күдікті Нарек Гурурян оқиғадан кейін елден қашып кетті. Ол 9 қаңтарда Омбы облысында ұсталды. Арменияның Ресейдегі елшілігі мәлімдегендей, ер адам полицияға өз еркімен берілген. Одан бұрын Гурурян видеоүндеу жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болса, қазақстандық билікке өз еркімен берілуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Ол кісі өліміне қатысы барын жоққа шығарды.