Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты

0
1 760

"Роботтандыру мен жасанды интеллект" - Тоқаев Қазақстан армиясын қалай өзгертпек?


Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты

Жиынға Президент Әкімшілігінің Басшысы Б.Сағынтаев, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қ.Қасымов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тұрақты қолдауының арқасында Қазақстанда ықшам, мобильді және соғысқа қабілетті армия құрылды. Оның негізгі миссиясы – мемлекеттің егемендігі мен аумағының тұтастығын қорғау екенін айтты.

– Қарулы Күштердің басшылық құрамының алдында болып жатқан өзгерістерге бейімделу ғана емес, сондай-ақ алдын алу жұмыстары тұр. Бұл қауіп-қатерлерге жан-жақты талдау жасауды талап етеді. Бүгінде біз геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскеніне, жаңа қақтығыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Әскери іс-қимылдарды жүргізудің формалары мен тәсілдері өзгерді, дәлдігі жоғары қарулар мен басқа да заманауи қару-жарақтардың үлесі артты. Сондықтан, мен «Айбалта» оқу-жаттығуы кезінде Қорғаныс министріне Қарулы Күштерді құру және дамыту тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма бердім, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің басшылығына шешім қабылдау уақытын барынша қысқарту үшін басқару жүйесін жаңғыртуды міндеттеді. Сондай-ақ, роботтандыру, цифрлық технология, жасанды интеллект және ұшқышсыз басқару жүйесін енгізудің маңыздылығын айтты.

– Ең алдымен, қару-жарақтарды технологиялық тұрғыдан жетілдіру және жаңғырту есебінен әскери әлеуетті одан әрі нығайтуды қамтамасыз ету қажет. Кешенді қайта қарулану аясында әскер қару мен техниканың заманауи үлгілерімен қамтамасыз етіледі. Қарулы Күштер басшылығы табандылық танытып, дәйекті әрі жүйелі тәсіл қолдануы және қаржылық тәртіпті сақтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті жауынгерлік дайындықтың деңгейін көтеру мен шұғыл әрекет ету, әскери білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу бағдарламалары түрлі жағдайларды, ұрыс жүргізудің заманауи формалары мен әдістерін, қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін үйретіп, қолдануы тиіс.

– Мамандарды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде болашақ әскери инженерлерді, ІТ мамандарын, роботты техникаларды, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеп шығару керек. Олар «SMART» деп аталатын буын. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында, әсіресе физика-математика бойынша тереңдете оқытылатын мектептерде «SMART-SARBAZ» үйірмелерін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы келесі аптаға жоспарланған бітімгерлік жөнінде өтетін форум, алдағы уақытта Қазақстанның белсенді бітімгер-мемлекет ретіндегі мәртебесін арттырып, бұл бағыттағы әлеуетіне тың серпін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан жаяу әскерлерді ғана жібермей, БҰҰ бітімгерлік миссиясына аса қажетті инженер-сапер, барлаушы, дәрігерлер құрамы және басқа да бөлімшелерді жіберу арқылы көкжиегін кеңейтуі қажет.

Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери тәртіп пен әскерилердің рухын күшейту, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.

– 2017-2018 жылдары әскерилердің жалақылары өсіп, сыныптық қосымшалар төлене бастады. Жуырда әскери ұшқыштардың жалақылары екі есе артты. Жаңа жүйе бойынша әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Бұл кесте жалпы алғанда озық болғанмен, тұрғын үй төлемінде ауытқушылықтар бар. Гарнизондардың тұрғын үй қорын жаңарту қажет. Мәселені қордаландырмай шұғыл шешу керек. Сонда ғана әскери қызметтің және әскерилердің әлеуметтік мәртебесін көтереміз, – деді Қазақстан Президенті.

Жоғарғы Бас қолбасшы іс-шарадан соң Қорғаныс министрлігінің стратегиялық басқару орталығының жұмысымен танысты.