Құрылысқа қажетті негізгі материалдың басым бөлігі әлі де болса сырттан әкелінеді. Яғни, құрылыс материалының бағасы қымбаттай түсуі мүмкін.
ERNUR.KZ. Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев елде күзге қарай құрылыс материалдарының бағасы қымбаттайтынын болжап отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Құрылыс материалдарының нарығындағы өндірістік және сауда-саттық тұрақсыздыққа байланысты бүгінде көптеген компаниялар жоспарларын қайта қарап, қрылыс көлемін қайта есептеп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта, 2022 жылы болмаса да, 2024-2025 жылдары баспана тапшылығы сезілуі мүмкін», - деді ол.
Айтуынша, құрылысқа қажетті негізгі материалдың басым бөлігі әлі де болса сырттан әкелінеді. Яғни, құрылыс материалының бағасы қымбаттай түсуі мүмкін.
«Кейінгі 7 жылдағы жағдайды алып қарасақ, сол арқылы алдағы уақытқа болжам жасасақ, баспана нарығындағы инфляция 12%-14% болып, құрылыс материалдарының бағасы кемінде 10%-15% қымбаттайтынын көреміз. Сондықтан ахуал тұрақтана қоймайды. Керісінше осы қарқынмен шиеленісуі мүмкін», - деді құрылысшылар одағының басшысы.
Мұндай болжамның мәнін Талғат Ерғалиев былай түсіндірді.
«Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялардың құрылыс нарығына түсіретін шынайы салмағын біз тамыз-қазан аралығында сезінеміз. Әзірге материал мен тауардың қоры жеткілікті. Бірақ шамамен күзден бастап санкциялардың шынайы әсерін көреміз. Осы кезде құрылыс бағасы қайта қымбаттайды», - деді сарапшы.
Бұған дейін Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков алдағы екі айда баспана қымбаттамайтынын болжаған еді.