ERNUR.KZ. Катонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады, - деп жазады Tengrinews.kz.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың жұмыс сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Сапар барысында ведомство басшысы еліміздің шығысында жаңа әуежайлар орналасатын алаңдармен танысты.
Мәселен, Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының қасында салынады. Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды.
Ал Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуе айлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды.
Бастапқы кезеңде әуежайларда Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Әуе кемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына дейін әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы көбірек үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға да мүмкіндік бар.
"Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Қойылған міндеттерді уақытылы орындау үшін ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, нысандар салынатын учаскелермен танысудамыз. Алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды пысықтадық. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады", – деп атап өтті министр.
Министр жергілікті атқарушы органның өкілдерімен, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесу өткізді, онда әуежайлар салу жоспары талқыланды.