Қазақстанда интернеттегі алаяқтық асқынып тұр

0
1 458

Биылдың өзінде 100-ден астам жағдай тіркелген.


Қазақстанда интернеттегі алаяқтық асқынып тұр

ERNUR.KZ. Елімізде биыл 7 мыңға жуық іс тіркелген. Оның мыңнан астамы ғана ашылған. Алданғандардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы арзан бағаға көлік немесе жылжымайтын мүлік сатып аламыз деп сан соғып қалады екен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адамдардың сеніміне кіру үшін алаяқтар белгілі брендтердің атынан сайт ашып алудан тайынбайды. Сосын қызығушылық танытқан сатып алушыдан тауарға алдын ала төлем талап етеді. Банк картасының мәліметтерін біліп алған соң шотындағы қаражатын жымқырады. Мұндай қылмыс еліміздегі үш мегополисте өршіп тұр. Шетелде отырып қазақстандық азаматтардың қалтасын қаққан алаяқтар саны да артып келеді. Биылдың өзінде 100-ден астам жағдай тіркелген.

«Алаяқтар қолжетімді бағаға пәтер, көлік сату туралы хабарландырулар таратады. Әдетте, сатып алушы көрсетілген нөмірге қоңырау соғып, байланысқа шыға алмайды. Смс арқылы хабар алмасқанда алаяқ шетелде шаруаларымен жүргенін айтады. Сатып алушыға ақшасының бар екенін кепілдендіру үшін халықаралық төлем жүйесінде шот ашып, соған келісілген соманы аударуды сұрайды. Шот иесінсіз ешкім ақшаны шеше алмайды деп ойлаған аңғал сатып алушы сақшаны аударып, алаяққа түбіртек фотосын жібереді. Қылмыскер төлем нөмірін сол жерден көріп, шот иесінің атына жасалған жалған құжатпен ақшаны шешіп алады. Мысалы, қазір бізде Ресей азаматтарының қатысуымен тіркелген осындай 17 іс қаралып жатыр», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.