Қазақстандық оқушы жаңа әлеуметтік желі ойлап тапты

0
1 097

Мобильді қосымша Android Studio негізінде Java көмегімен жұмыс істейді.


Қазақстандық оқушы жаңа әлеуметтік желі ойлап тапты

ERNUR.KZ. Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бибарыс Ғилаж еріктілердің қызметіне арналған жаңа мобильдік қосымшаны жасап шығарды, деп хабарлады «Хабар 24».

Ол «Шаңырақ» ұялы бағдарламасына қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын еріктілер үшін қажетті деректерді жинаған. Мобильді қосымшаны қолданушылар бір-бірімен тұрақты хабарласуға және деректер алмасуға мүмкіндігі бар. Мұнда кәдімгі әлеуметтік желі сияқты тіркелушілер жеке профильдік-аккаунт ашады және қосымшадағы басқа да қолданушыларды қауымдастықтарға енгізе алады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен келесі жыл елімізде Еріктілер жылы деп белгіленді. Менің білуімше, қазіргі ақпараттық кеңістікте барлық қазақстандық еріктілердің басын қосатын және олар туралы ресми мәлімет беретін деректер қоры жоқ. Бұл мобильді қосымша арқылы мен осындай проблемаларды шешудің жолын іздедім. «Шаңырақ» ұялы бағдарламасында жергілікті және басқа да аймақтағы еріктілер туралы ақпараттар, олардың өткізетін шаралары туралы хабарламалар жарияланып тұрады. Жобаның баламасы ретінде танымал әлеуметтік желілерді де айтуға болады. Бірақ оларды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелері барлық кезде сақтала бермейді. Ал мен дайындаған мобильді қосымша белгілі қауіптерді алдын-алуға және жасырын деректердің таралмауына септігін тигізбек. Қосымшада тек әрбір адамға қажетті негізгі функциялар қолжетімді болады. Мұнда қажетсіз жарнамалар мен спам ескертулер болмайды», – деді Бибарыс.

Мобильді қосымша Android Studio негізінде Java көмегімен жұмыс істейді. Жақын арада ұялы телефондарға арналған көмекші құрал Play-market-те қолжетімді болмақ. Жас өнертапқыштың бұл жұмысын қазылар алқасы мектепшілік және республикалық кезеңдердегі ғылыми-жобалар сайысында жоғары бағалаған. Соның бірі ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен Қазақстан Жастары Конгрессының инновациялық жобалар байқауы.

«Енді авторлық туындыға пантент алу және оны кең көлемді қолданысқа енгізу қалды», - дейді Бибарыс Ғилаж.

Оның айтуынша, болашақта бұл мобильді қосымша еріктілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Олардың нәтижелі жұмысын жан-жақты көрсетуге, белсенділер мен жаңа қолданушыларды анықтауға мүмкіндік бермек.

Назарбаев зияткерлік мектебінің болашақ түлегі Бибарыс Ғилаж бағдарламалау курсымен бірнеше жылдан бері айналысады. Ол түрлі облыстық және республикалық IT технологиялар мен робототехника сайыстарының жүлдегері. Ағымдағы жылы АҚШ-ң Стенфорд университетінде бағдарламалау, көшбасшылық және әлеуметтік ғылымдар курсын сәтті тәмамдап шыққан.