Егер тиісті шаралар қабылдамаса, 2030 жылға қарай ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 миллион тонна болады.
ERNUR.KZ. Қазақстанның экологиясы нашар өңірлері аталды. Қарағанды және Павлодар облыстары атмосфераға таралатын зиянды заттардың жартысын шығаратыны анықталды. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
"2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға зиян заттардың нақты эмиссиясы 2,5 миллион тонна, ал жыл сайынғы өсім - 100 мың тонна. Оның ішінде электр энергетикасына - көмір ЖЭС - 940 мың тонна, тау - кен металлургия секторы - 760 мың тонна, мұнай өндіру - 520 мың тонна, көлік және ауыл шаруашылығына - 320 мың тонна зиянды заттар шығарылған. Өңірлердегі зиянды заттардың шығарылу көлемінің негізгі үлесі, бұл шамамен 56 пайыз Қарағанды және Павлодар облыстарына тиесілі", - деді Мырзағалиев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, егер тиісті шаралар қабылдамаса, 2030 жылға қарай ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 миллион тонна болады екен.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Париж келісімі бойынша 1990 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2030 жылға қарай булы газдар шығарулары 15 пайызға қысқарту бойынша міндеттеме алған. Алайда бүгінде Қазақстанда булы газдардың шығарулары осы деңгейден асып кетеді. Экономиканың өсуін ескере отырып, булы газдар шығарулары тек өсе береді екен.
Үкімет отырысында министрлер елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға тиіс жаңа экологиялық кодекс жобасын қабылдауға дауыс берді. Кодекс табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеуге қарағанда қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөнінде шаралар қабылдау тиімді болатындай жағдайларды жасайды. Бұдан басқа, экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы деңгейге дейін қалпына келтіруге міндетті болады.