Қазнетте "нумеролог" пен алматылық оқушының дауы талқыланып жатыр

0
641

Алматы Білім басқармасы арнайы жұмыс комиссиясын құрғандарын мәлімдеді.


Қазнетте

ERNUR.KZ. Алматыдағы оқу орындарының бірінде болған "нумеролог" пен оқушы арасындағы дау Қазнет қолданушыларының қызығушылығын тудырды, деп жазады tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде Алматы мектептерінің бірінде түсірілген видео тарады. Кадрларда екі жігіт аудитория алдында нумерология туралы дауласып тұрағанын көруге болады.


Жағдайға алғашқылардың бірі болып пікір білдірген режиссер Қанат Бейсекеев Instagram-дағы парақшасында "сандар маманының" жұмысын сынға алды. Оның сөзінше, "нумеролог" өз саласының маманы емес. Режиссер "пікірталас кезінде сұрақ қойған оқушыға сыныптастары күліп, мұғалімдер баланың аузын жабуға тырысқаны дұрыс емес деп есептейді". Ол қазіргі мектептерде мұндай болмауы керек екенін айтты.

"Нумерология факультатив сағат аясында жүргізілсе де, мектепте жалған ғылым оқытылатынына ашулымын", - деп қосты ол.

Қазнет қолданушылары сын айтып жатқан Талғат Жұмағұлов та жағдайға қатысты ойын айтты. 21 жастағы маманның сөзінше, ол №125 мектепке нумерология тақырыбында дәріс өткізуді өзі сұранған.

"Мен нумеролог емеспін, сандық психологпын (...)
Дәрістен кейін оқушыға жазып, бір-бірімізге өз көзқарасымызды түсіндіру үшін кездесу ұсындым. Мен бұл баланы адамдар дұрыс түсінгенін және мектепте буллингке ұшырамағанын қалаймын. Өйткені ол түсінігі мол, ақылды бала. Адамдар мұны басқаша түсініп қалды, оның ішінде блогер Бейсекеевтің маған "шабуыл жасаған" аудиториясы", - деді Жұмағұлов.

№ 125 мектеп директоры Шәмшінұр Бакиева бұл дәріс биыл 21 сәуірде өткенін айтты. Іс-шара жоғары сынып оқушыларымен кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында өткізілген.

"Менің ойымша, қазіргі әлемде балаларға болашақ бағытын анықтауға көмектесу үшін, жастар таңдауда қателеспеуі үшін барлық жағынан мамандарды тарту қажет. Дәріс өте қызық өтті, балалар сұрақтарын қойды. Іс-шара 30 минутқа созылды, маман артық ештеңе айтқан жоқ. Біз кездесуге өзіміз қатыстық", - деді директор.

Алматы Білім басқармасы арнайы жұмыс комиссиясын құрғандарын мәлімдеді.