«Ұлың ұры болса, қайғың ғұмырлық болады екен": зейнет жасындағы ана қырыққа келген баласының жайын айтты

0
1 476

"Үйге келсе бірдеңе ұрлап кетпесін деп, аңдып отырамын»


«Ұлың ұры болса, қайғың ғұмырлық болады екен

Сурет: vln.media

«Қазақта «Егін өнбесе - қайғысы бір жылдық, балаң оңбаса - қайғысы ғұмырлық» деген сөз бар. Сондықтан ата-ана ең бірінші бала тәрбиесінде маңызды кезеңді жіберіп алмау керек. Өйткені бала тәрбиесі - отбасының ең үлкен құндылығы» деді ERNUR.KZ порталы редакциясына келіп, басындағы жайын көзіне жас алып отырып баяндаған Майра апа.


«Төрт бала туып, өсіріп-жеткіздік. Бірақ тұңғышымды тым қатты еркелетіп, бетінен қақпай, еркін жіберіппіз. Оның үстіне күйеуім де, мен де жұмысбасты боп, үлкен баламыз интернатта жатып оқыды. Ортасы бұзды ма, әлде «тәйт» дейтін ата-анадан бөлек тұрған соң ба, қолы сұғанақтау боп өсті.

Өз үйімізден бөлек, бір бөлмелі пәтеріміз бар, соны студентерге жалға бере бастағанбыз. Бір барғанымда бір қыздың алтын сырғасы жоғалып, үш қыз ұрысып жатқан болатын. «Арасында біреуі алған ғой» деп ойлап, үндемей өз жөніммен кеттім.

Кейінгі пәтершілеріміз ер жігіттер еді. Бір айдан соң кілтті қабылдап алған жігіт хабарласты. «Әпке, пәтерақыға деп ауылдан әкелген ақшамыз жоғалып, не істерімізді білмей отырмыз. Ешкім мойындамайды. Сізге беретін ақшамыз жоқ. Келесі айда қосып берейік» деді. Мейлі деп келіскенмін. Бірақ олар да қайта-қайта әр нәрсе жоғала беріп, бір-бірімен өзара ерегісіп, екі айдан соң біреуі туысына, бірі басқа достарына көшіп, бөлек-бөлек кетті.

Үшінші пәтершілерім – жұмыс істейтін ерлі-зайыптыдар болды. Бір күні пәтершім звондап, «Тез жетіңізші» деді. Өкпемді қолыма алып жетіп бардым. Участкелік полициямен қарсы алды. Полиция қызметкері «Бөлімшеге жүріңіз. Саусақ іздерін аламыз» дегенде жүрегім ақтақтап кетті. Сұрақты жаудырып жатырмын. «Пәтерден қомақты ақша жоғалған. Пәтершілеріңіз сізден күдіктеніп отыр. Көршілеріңіздің айтуынша, бұрынғы пәтершілеріңіздің де ақшасы, алтын бұйымдары жоғалған. Үстіңізден арыз жазылған соң, процедуралық жұмыс жүргізуге міндеттіміз» деп түсіндірді. «Менде кілт бар, бірақ мен пәтершілерім үйде жоқ кезде мүлде келмеймін» деп ақталып жатырмын. Ал пәтерші «Үй аламыз деп жинап жүрген бүкіл ақшамыз еді. Қайтарып берсеңіз, арызымды алам» дейді. Ақ-қарасын полиция анықтар дедім.

Екі күннен соң үлкен ұлымды бөлімшеге шақыртты. Не керек, ұлымның саусақ іздері пәтершінің сөмкесінен табылып, іс ушықты. Мендегі кілтті ұрлап алып шығып, дубликатын жасатып алып, пәтершілер жоқ кезде емін-еркін кіріп-шығып жүр екен. Бауы үзілген ескі сөмкесіне "табыстарын" жинап, оны үлкен чемоданға салып қойыпты.

Ұлым айыбын мойындады. Әбүйір болғанда ақшаның аз бөлігін ғана жұмсаған екен. Толықтырып, қайтарып бердік. Бәрінің аяғына жығылып, кешірім сұрап, қосымша ақша беріп, әйтеуір мәселені әзер еңсердік.

Сосын барып ойландым, сонда алдыңғы пәтерші қыздардың алтындары мен студент жігіттердің ақшасын да ұлым ұрлаған ба? Бірақ ұлым оларды мойындамады.

Содан бері 15-17 жыл өтті. Үлкен ұлым 40-тан асса да сол бір жаман әдетін қоя алмай жүр. Үйге келсе, келіндердің алтындарын ұрлап кетпесін деп, өз баламды өзім аңдып отырам.

Үйдің үлкені болғанымен, інілерінен кейін отбасы құрды. Қолда келін болғандықтан, беташардан соң бөлек шығарып жібердік. Келінім алғашқы айларда бір-екі рет алтын сырғасын, алқасын жоғалтып, «Үйге бөтен адам келгенде сақ болу керек екен» дегенде, оңашада ұлыма ұрысқанмын. Ал өткен айда келінім жылап қоңырау шалды. Балам көршілерінің ақшасын ұрлап, ұсталып қалыпты. Енді олар «Көрші болғасын ғана азғантай уақыт береміз. Екі аптада ақшамызды қайтар. Болмаса сотқа арызданамыз» деп отыр екен. Келіннің өзі төркініне кетіп қалыпты. «Балаңыз адам болмайды. Айналамыздың бәріне масқара етіп бітті. Ажырасамын» дейді.

Көршілеріне қайтаратын ақшаны мал сатып, несие алып, басқа балаларыма салық салып жүріп тауып берермін-ау. Келінімнің көңілін қалай жібітерімді білмей отырмын? Оның үстіне ұлым өзін-өзі түземесе, қашанғы бұлай құтқара беремін деп тағы отырмын. Осын әдетінен түрмеге қамалып кете ме деп уайымдаймын».