Кепілдендірілген тегін көмек пен медициналық сақтандырудың жаңа нұсқасы бекітілді

0
1 217

Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылған.


Кепілдендірілген тегін көмек пен медициналық сақтандырудың жаңа нұсқасы бекітілді

ERNUR.KZ. Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімі бекітілді, деп жазады baq.kz.

Аталған екі пакеттің айырмашылығы қандай? Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Мысалы: шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайларға душар болған науқастарға көмек көрсету т.б. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды.

Хабарламаға сүйенсек, ТМККК пакетінің жаңа нұсқасын әзірлеген кезде тізімге енген барлық қызмет түрлерін жан-жақты сарапталып, екшелді. Пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы медицина саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Атап айтқанда, қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Дегенмен МӘМС жүйесін енгізуге дайындығымыз жоғары деуге болады. Жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде нобайлы режимде іске қосылмақ. Жаңа жүйе 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында іске қосылады.

«Жалпы алғанда, келер жылға арналған бюджет жобасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен сақтандыру пакеттері негізінде көрсетілетін көмекке 1 620 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі.

Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.
МӘМС пакеті: консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енбеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.

Естеріңізге сала кетсек, ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді бюджет қаржысы есебінен, МӘМС пакетіне енетін қызметтер – Қордың активтері есебінен сатып алынады. Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылды. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.