"Кешірім сұратып, телефонға түсірген": Ақтөбеде 11-сынып оқушылары өздерінің қатарласын тепкінің астына алған

0
876

Олар баланың бетінен үшкір затпен ұрып жіберген.


ERNUR.KZ. Ақтөбеде мектеп оқушыларының арасындағы дау төбелеске ұласты. Жаға жыртыс №10 мектептің 11-сынып оқушыларының арасында болған. Бозбала өзінің қатарластарынан оңбай таяқ жеп, үйіне қансырап келіпті деп жазады Stan.kz.

Бұл туралы оқушының анасы айтып берген. Сөзінше, баласының бетінен үшкір затпен ұрып жіберген. Оның ұлы қан-қан болған күні үйіне келіпті.

"17 қаңтар күні үйге бірнеше бала келіп, ұлымды ертіп әкетіп, аудандағы жапан далаға апарып ұрып тастаған. Кешірім сұратып, мұның барлығын телефонға түсіріп алыпты. Ұлыма оның сыныптас қызы жазып жүрген, бұл жайты оның жігітіне ұнамай қалыпты. Балам да, оны ұрып тастағандар да 11-сыныпта оқиды. Аяқ киімдеріне үшкір зат жабыстырып, мүмкін шеге ме, баламды тепкінің астына алған. Үсті-басы қан-қан, кір-қожалақ күйі әрең келіпті. Мұрнын әлдебір нәрсе тесіп кеткен. Жедел жәрдем шақырттық. Басы айналып, көп құсты, көп қан жоғалтқан. Полицияға арыздандық, сот сараптамасын күтіп отырмыз. Егер қатігездік танытқан оқушылар жазасыз қалса, олар бізге барлығы болады деп сезініп кетеді. Ұлым мектепке барудан қалды, ал оны қан-жоса қылып соғып тастағандар түк білмейтіндей сабаққа қатысып жүр", - дейді жәбір көрген оқушының анасы.

№10 мектеп басшылығы оқиға жайлы пікір білдірді.

"Оқиға жайлы полицейлерден естідік. Оның ертесі күні іске қатысы бар оқушылар мен олардың ата-аналарын жинап, әңгіме жүргіздік. Қыз бала өзінің сыныптасына ҰБТ-ға дайындалып жазып жүрген. Ал оның жігіті сүйіктісін қызғанып қалған, сондықтан оған сыныптасына жазба деп талап етіпті. Өзінің екі досын ертіп, әлгі зардап шеккен баланың үйіне барған. Артынша осы жағдай болып отыр. Жәбір көрген оқушыға оның сыныптастары мен сынып жетекшісі барып, жағдайын сұрастырып жүр. Мектебімізге 7 жыл болды, осы уақытқа ешқандай оқыс оқиға болмаған еді. Біздің ауылда бәрі бір-бірін таниды, бір үлкен отбасы болып кеттік десе де болады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Жасөспірімдермен әлі сөйлесіп жатырмыз, психолог та олармен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта ұқсас жағдай орын алмауына барымызды саламыз", - деді мектеп директоры Индира Бексұлатнова.

Жергілікті полиция оқиға жайлы ешнәрсе айтпапты.