"Халық емханаға бармайды": денсаулық сақтау министрлігі жаңа қызметті іске қоспақшы

0
888

​Кез келген адам өзінің смартфоны, ноутбугы немесе планшеті арқылы өзі тіркелген емхананың дәрігерінен тегін кеңес ала алады.


ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев барлық емханада онлайн қабылдау қызметінің іске қосылатынын мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Бұл жобаның пайдасы мынада, емханаға барудың қажеті болмайды. Кез келген адам өзінің смартфоны, ноутбугы немесе планшеті арқылы өзі тіркелген емхананың дәрігерінен тегін кеңес ала алады", - деді Әбішев бүгінгі онлайн брифингте.

Вице-минстрдің айтуынша, жаңа қызмет "телеконсультация" форматында болады. Бірақ Skype, Zoom немесе WebEx сияқты шетелдік бағдарламалар қолданылмайды. Осы іспетті бағдарламаны отандық мамандар жасап шықты. Соның негізінде қазақстандықтар емхана дәрігерінен онлайн режимде кеңес алатын болады.

"Қазіргі кезде барлығымыз емханада тіркелгенбіз. Әрбір адам өзінің дәрігерін біледі. Дәрігер де оның немен ауыратынын біледі. Себебі медициналық ақпараттық жүйелерде барлық ақпарат бар. Олай болса, емханаға барудың не қажеті бар? Адам онлайн түрде байланысқа шығып, өз шағымын айта алады ғой", - деп атап көрсетті Әбішев.

Қазіргі кезде жаңа жоба техникалық тексерістен өтіп жатыр. Оны алдымен Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында сынақтан өткізеді.

"Бір аптадай тексергеннен кейін барлық аймаққа таратамыз деген жоспар бар", - дейді Әбішев.