Қордайда бұзылған үйлер демеушілердің қаражатымен жөнделеді

0
757

Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық құрылыстары өртенген.


Қордайда бұзылған үйлер демеушілердің қаражатымен жөнделеді

ERNUR.KZ. Ақпан айында Қордайда болған қайғылы оқиға кезінден бүлінген тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жақында басталады, деп жазады ҚазАқпарат.

Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық құрылыстары өртенген. Бұл орайдағы барлық жұмыстар «Щивон» қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізілетін болады.

Бүгінде өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы сомасы 20,6 миллион теңге қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резервтен тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материалы, 400 м3 ағаш бөлінген.

Ал ішінара зақым алған жылжымайтын мүлік нысандары демеушілік қаражат есебінен қалпына келтіріліп үлгерілген. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорларына 22,5 млн.теңге түскен.

Қазіргі таңда қайтыс болған азаматтардың тоғыз отбасына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден астам қаржының демеушілік көмегі көрсетілген.

Ал, зақымдалған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қылмыстық істерге қатысты тергеулер аяқталғаннан кейін анықталмақ.

Жалпы, 11 ақпан мен 20 наурыз аралығында зардап шеккен отбасыларға 121,6 тонна көлемде гуманитарлық көмек көрсетілген десек, олардың ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және басқа да қажетті бұйымдар бар. Қазіргі уақытта аудандағы ахуал тұрақты.