Коронавирус: ШҚО әкімі Зайсанда шыққан шуға қатысты түсініктеме берді

0
962

Даниал Ахметов дүрліккен халықты тыныштандырды.​


Коронавирус: ШҚО әкімі Зайсанда шыққан шуға қатысты түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Зайсан ауданында короновирус індеті анықталды деген арандатушылық ақпарат шындыққа сәйкес емес. Бұл жөнінде бүгін аталмыш ауданға жедел сапар жасаған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Зайсан қаласындағы колледжге атбасын бұрған әкім жиналған көпшілікке аталмыш білім ордасының жатақханасына қауіпті дертке байланысты карантин ұйымдастырылмайтынын хабарлап тыныштандырды.


Бүгінде көрші Қытайдан бес Қазақстан азаматының келетінін айтқан өңір басшысы олардың шекарадан өткен соң 14 күн карантинге жіберілетінін айтты.


Ол адамдар ешкіммен байланысқа түспей, толықтай оқшауланады. Ал шекарадан өткен адамда қандайда бір ауру белгілері байқалса, ол бірден облыс орталығына арнайы жабдықталған көлікпен тасымалданады. Сондай-ақ, аймақ басшысы шекараның шетелдік азаматтарға толықтай жабылғанын атап өтті.

Шекараны жабу үшін үш күн уақыт керектігін айтты. Халықаралық мәселе болғандықтан оған рұқсат алу керектігін қоса кетті.