Қостанай облысының тұрғыны төрт қаланы «карантинге жапты»

0
714

Сол іс-әрекеті үшін әкімшілік жауапқа тартылды.


Қостанай облысының тұрғыны төрт қаланы «карантинге жапты»

ERNUR.KZ. Қостанай облысының екі тұрғыны төтенше жағдай кезінде тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Меңдіқара ауданы Қасқат ауылының 28 жастағы тұрғыны Қостанай облысындағы төрт қалаға - Қостанай, Лисаков, Рудный және Тобылға кіріп-шығуға тыйым салынатыны туралы жалған аудиожазба таратқан. Сол іс-әрекеті үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 40 АЕК (106 040 теңге) көлемінде айыппұл төледі.

Бұдан бөлек, Амангелді ауданының тұрғыны төтенше жағдай кезінде жалған мәліметтерді таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 7 тәулікке қамауға алынды.

«Елде 2020 жылдың 16 наурызынан бастап COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгенін тағы бір мәрте еске саламыз. Осыған орай азаматтарды сақтық шараларына түсіністікпен қарауға, жалған хабарламаларға сенбеуге шақырамыз», - дейді Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.

Өңірде әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда халықты үрейлендіріп, артық алаңдаушылық тудыратын жалған ақпараттың таралуы айтарлықтай артқан.

Жалған жаңалықтарды анықтау үшін полиция қызметкерлері мониторинг шараларын күшейтті.

Бүгінде облыстық Полиция департаменті жалған ақпарат тарату бойынша 8 деректі тіркеді. Бұған қоса, төтенше жағдай режимін бұзған 388 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Қазір соттың қарауында 161 материал жатыр.