Қытайдағы қазақстандықтарды эвакуациялау үшін тағы екі ұшақ жіберілмек

0
1 102

Қазіргі уақытта ҚХР аумағында Қазақстан Республикасының 719 азаматы бар, олардың 391-і Отанына оралуларына көмектесуді сұраған.


Қытайдағы қазақстандықтарды эвакуациялау үшін тағы екі ұшақ жіберілмек

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын коронавирусты жұқтырудан қорғау жөніндегі шараларды қабылдау туралы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі отанына оралуға ниет білдірген Қытайда жүрген қазақстандықтарды эвакуациялап жатыр, деп жазады zakon.kz.

10 және 12 ақпанда Қытай үкіметінің келісімі бойынша "Air Astana" әуе компаниясының екі ұшағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін Бейжіңге ұшады. Ұшу кезінде жолаушылар медициналық қызметкерлердің қатаң бақылауында болады, делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Қытай тарапының өтініші бойынша бұл рейстермен Қазақстанда жүрген Қытайдың 47 азаматы, сонымен қатар Қазақстандағы Қытай елшілігінің коммерциялық емес жүктерін жеткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта ҚХР аумағында Қазақстан Республикасының 719 азаматы бар, олардың 391-і Отанына оралуларына көмектесуді сұраған. Қалғандары - Қытайда болуға ниет білдірген дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері мен отбасы мүшелері, студенттер және басқа жеке тұлғалар.

ҚХР-дағы Қазақстанның дипломатиялық мекемелері қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тығыз байланыс орнатқан.

Қытай территориясында жүрген Қазақстан азаматтарына байланысты шаралар барлық мәселелерді шешуге сындарлы көзқараспен қарайтын қытай тарапының үйлестірілген жұмыстары негізінде жүзеге асырылады.