​Қыздарды өзін-өзі қорғай білуге үйрету керек - Мемлекет басшысы

0
1 566

Бүгін Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қыздардың өзін-өзі қорғау мәселесі қозғалды.


​Қыздарды өзін-өзі қорғай білуге үйрету керек - Мемлекет басшысы

ERNUR.KZ. Бүгін Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қыздардың өзін-өзі қорғау мәселесі қозғалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселені қолдайтынын жеткізді, деп жазады ҚазАқпарат.

Мінберге джиу-джитсуден әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева шығып, спорт саласындағы тәжірибесі және осы салада атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

«Бүгінде мен Назарбаев университетінде білім алып жүрмін. Компьютерлік технология мен математика бойынша үшінші курста оқимын. Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Татамиге шыққан сайын елімді барлық әлем таныса екен деп армандаймын. Ежелгі уақытта Ұлы Даланың әйелдері батыл әрі қайсар мінезді болды. Сақтардың патшайымы - Томирис массагеттерді басқарып, өз жерін, өз елін қорғай білді. Фашизмге қарсы соғыста Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова көзге түсті. Мен Назарбаев университетінде алғаш рет арнайы клуб аштым. Сол жерде өткен жылдан бастап қыздарды өзін-өзі қорғай білуге, джиу-джитсу мен грэпплингке тегін үйретіп жүрмін», - деді Мөлдір Мекенбаева.

Осы кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев микрофонын қосып: «Қыздарды өзін-өзі қорғай білуге үйреткен аса маңызды», - деп өз ойын жеткізді.

Айта кетейік, елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді.

Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.