Қызылордада «Жас кәсіпкер» жобасы басталды

0
1 522

«Жас кәсіпкер» жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы жас отбасы мүшелері, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жұмыссыз жастар қатыса алады.


Қызылордада «Жас кәсіпкер» жобасы басталды
ERNUR.KZ. Қызылордадажастарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқу басталды. Оқудың бірінші тобында қала, аудан бойынша 537 жас оқып жатыр. Осы жылы жоба аясында аймақтың 1000 жасын оқыту жоспарланып отыр, деп жазады egemen.kz.

Кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен жасалған «Жас кәсіпкер» жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы жас отбасы мүшелері, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жұмыссыз жастар қатыса алады. Студенттер жобаның қатысушысы бола алмайды.

Жобаға қатысқысы келген азаматтар жеке куәлігінің көшірмесі, мекен-жай анықтамасы, өтініш және арнайы формаға сай толтырылған анкетамен Кәсіпкерлер палатасына, палатаның аудандық филиалдарына, жұмыспен қамту орталықтарына немесе өздері тұратын елді мекеннің әкімдігіне барып толық ақпарат ала алады.

Жобаға қатыспас бұрын жастар алдын ала тесттен өтеді. Жалпы 100 балдан ең кемі 55 балл жинау қажет. Жобаға қатысуға мүмкіндік алған азаматтар 3 апталық – 21 күндік оқу курсына қатысады. Жобаға қатысушыларға сертификат алғаннан кейін 19273 теңге бір реттік шәкіртақы төленеді.

Жоба барысында жастарды арнайы конкурс арқылы анықталған бизнес-тренерлер оқытатын болады. Оқу бағдарламасында кәсіпкерлік негіздерімен бірге білім алушы бизнес-жоспарын жасап шығады. Әрі болашақ кәсіппен айналысушыларға арнайы психологтар да көмек көрсететін болады.

«Жас кәсіпкер» жобасы ақысыз негізде, тегін оқытылады.

Жобасын сәтті қорғаған жастардың сертификаты 2 жылға жарайды. Осы уақыт аралығында жобаға қатысушылар 6,5 жылға 6 пайызбен 8000 АЕК (20 млн.200 мың) теңгеге дейін мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие ала алады.

«Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылардың жобасын Кәсіпкерлер палатасы бір жылға дейін сүйемелдейтін болады.