«Медеу – Шымбұлақ» аспажолында адамдар қалып қойған

0
560

«Медеу – Шымбұлақ» аспажолы техникалық ақауға байланысты 45 минутқа тоқтатылған.


«Медеу – Шымбұлақ» аспажолында адамдар қалып қойған

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде «Медеу – Шымбұлақ» аспалы жолында кабиналарда адамдар қалып қойғаны туралы видео тарады. Тау шаңғысы курортының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Таралған видеоларға сүйенсек, фуникулер аспалы жолда тұрып қалған. Кабиналарда 2,5 сағат отыруға мәжбүр болған туристер, тек кеш бата төменге түсірілген.

Тау шаңғысы курортының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 9 желтоқсан күні «Медеу – Шымбұлақ» аспажолы техникалық ақауға байланысты сағат 16:30 – 17:15 аралығында, яғни 45 минутқа тоқтатылды. Оның себебі – аспалы жолдың техникалық жай-күйіне мониторинг жасайтын жүйедегі ақау. Орталық пунктіге мәліметтердің түсуі тоқтағаннан кейін, аспалы жолдың жұмысы да тоқтаған.

«Тоқтау кезінде «Медеу – Шымбұлақ» аспалы жолында қалып қойған қонақтарды түсіру үшін сағат 17:15-те резервті режимге көшу және іске қосу жүргізілді және бұл «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының техникалық бригадасы ақауды толық жойғанша жалғасты. Сағат 18:30-да ақау толығымен жойылып, аспалы жол штатты режимде жұмысын жалғастырды», - деді мекемеден.

Сондай-ақ хабарланғандай, осы уақыт аралығында аспалы жолдағы фуникулерға отыру үшін кезекте тұрған туристерге тегін шәй берілген. Ал дәмханалар өз жұмыс режимін ұзартқан. Одан бөлек, балалары бар қонақтарға «Медеуге» дейін қызметтік көлікпен трансфер ұйымдастырылған.

«Осындай оқиғалардың қайталану қаупін азайту және ұқсас жағдайлар кезінде курорт қонақтарының дискомфортын төмендету үшін қажетті шаралар қабылданды. Соның ішінде аспалы жолдағы әрбір кабинаға штаттан тыс жағдайлар үшін құтқару қобдишаларын (жамылғы, өздігімен қыздырылатын аяқ киім төсеніші, бұзылмайтын тіскебасар, дәрілік препараттардан: белсендірілген көмір, қызу түсіретін, аллергия мен диареяға қарсы дәрі-дәрмек, көзге арналған тамшылар) қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.Курорт әкімшілігі келтірілген ыңғайсыздық үшін кешірім сұрайды», - деп қосты мекеменің баспасөз қызметінен.