Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тарту ісіне нүкте қойылды – депутат

0
791

Парламент Мәжілісінің депутаттары қазіргі уақытта өңір-өңірді аралап, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға аттанған.


Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тарту ісіне нүкте қойылды – депутат

ERNUR.KZ. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қанат Мусин елімізде жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдердің құқықтары нақты көрсетілген. Яғни, мемлекет мұғалім мәртебесін көтеруді өз міндетіне алып отыр. Ең бірінші кезекте мұғалімдерді педагогикалық жұмысына жатпайтын жұмысқа тартпау мәселесіне басымдық беріледі. Заңда мұғалімдер мен оқушыларға түсетін жүктемені азайту мәселесі де қарастырылған. Себебі, білім беру ісі ең алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Бұған дейін халық санағын жүргізуде де, сайлау кезінде де мұғалімдерді жұмысқа тартқан жағдайдың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұның бәріне нүкте қойылды. Заң қабылданды. Осы заң мұғалімнің барлық жұмысын құқықтық рельске қойып береді», - деді депутат елордадағы Оқушылар сарайының жұмысымен танысу барысында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Парламент Мәжілісінің депутаттары қазіргі уақытта өңір-өңірді аралап, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға аттанған. Депутаттардың бір тобы елордада әртүрлі саладағы мекемелерді аралауда.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 30 желтоқсанында Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойған болатын.