Газада 2023 жылдың қазанында басталған соғыстан бүгінге дейін 51 201 адам қайтыс болды.
Фото: BBC
ERNUR.KZ. Израиль әскері БҰҰ-ның бейбіт қызметкерлерін қарсыластарымен шатастырып, абайсызда өлтіріп алғанын мойындады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Израиль әскері өткен айда Газада төтенше жағдайлар қызметінің 15 қызметкерінің қазасына «операциялық қате» және «бұйрықтарды бұзу» себеп болғанын айтты.
Оқиғаға қатысты Израиль қорғаныс күштері жүргізген тергеу Израиль әскерилерінің бірқатар қате мәліметін анықтады. Осыған байланысты бөлімше командирінің орынбасары «тергеу кезінде толық емес және дұрыс емес есеп бергені үшін» қызметінен босатылды.
Айта кетерлігі, наурыздың 23-і күні Палестина Қызыл Жарты Ай Қоғамының жедел жәрдем көліктері, БҰҰ көлігі мен Газа Азаматтық қорғанысының өрт сөндіру көлігі Рафах аймағында Израильдің шабуылына ұшырап, салдарынан 14 құтқарушы мен БҰҰ қызметкері қаза тапты.
Израиль қорғаныс министрлігі жау күштерінен қауіп төніп тұр деп ойлап, аталмыш көліктерге оқ жаудырғанын айтты.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, қаза тапқандардың алтауы ХАМАС мүшесі болған. Алайда, қаза тапқандардың аты-жөні көпшілікке қолжетімді болғанымен, олардың ХАМАС-пен қандай да бір байланыс туралы ешқандай дәлел келтірген жоқ.
Хабарламада «түнгі көру қабілетінің нашарлығы» командирдің көліктерді жедел жәрдем ретінде анықтай алмауына себеп болғаны айтылған. Израиль әскері осыдан кейін оқ жаудырған, себебі қараңғыда, фарлары өшіп, «күмәнді» жақындап келген деп мәлімдеді. Израиль көліктердің қозғалысы алдын ала келісілмеген немесе армиямен келісілмегенін айтты.
Бірақ кейінірек Израиль бұл есепті «қате» деп атады, өйткені қаза тапқан дәрігердің ұялы телефонынан табылған видеода фарлары жанып, жарқырап тұрған көліктер көрсетілген. Бес минуттан астам уақытқа созылған видеода фельдшердің дұға оқып жатқанын көруге болады.
Сондай-ақ бұл көліктердің нақты белгіленгенін және санитарлар шағылыстыратын форма кигенін көрсетеді.
Шабуыл салдарынан қаза тапқан 15 қызметкердің мәйіті құмға көміліп, бір аптадан кейін ғана табылды, өйткені халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ аймаққа қауіпсіз өтуді ұйымдастыра алмаған әрі оқиға орнын анықтай алмаған.
Қызыл жарты ай және басқа да бірнеше халықаралық ұйым бұған дейін оқиғаны тәуелсіз тергеуге шақырған.
Айта кетерлігі, Израиль 2024 жылдың мамырында Рафахта өзінің алғашқы ірі операциясын бастады, салдарынан қаланың басым бөлігі қирап қалды. Жақында екі айға созылған атысты тоқтату келісімі кезінде ондаған мың адам қалаға оралды.
Атысты тоқтату келісімінің алғашқы кезеңі аяқталып, екінші кезең бойынша келіссөздер тоқтап қалған соң Израиль 18 наурызда Газадағы шабуылын қайта бастады.
Газада 2023 жылдың қазанында басталған соғыстан бүгінге дейін кем дегенде 51 201 адам қайтыс болды.