Мұны қазақтар істеген жоқ! Дүнгендер қауымдастығының басшысы мәлімдеме жасады

0
1 144

Қазақтар бізді құтқарды, -дейді Хусей Дауров.


Мұны қазақтар істеген жоқ! Дүнгендер қауымдастығының басшысы мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Қазақстан дүнгендер қауымдастығының басшысы Хусей Дауров билікті елімізде қылаң берген ксенофобия мен ұлтшылдықтың проблемалары мен себептеріне үңіліп, нақты шара қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, ол Қордай ауданында болған оқиғалар кезінде жергілікті тұрғындардың бір-біріне қалай көмектесіп, қол ұшын бергенін де зор ықыласпен айтты, деп жазады zakon.kz.

Бейбіт заманда бейкүнә адамдарды өлтіріп кетті, бұл қалай болғаны, мұндайдың қазіргі және құқықтық мемлекет - Қазақстанда болуы мүмкін бе? Шынымен де мұны ұлы Абайдың, Шоқан Уәлиханов, Қожа Ахмет Яссауи, Абылай хан мен Қасым хан, Төлеби мен Қазыбек би сынды данагөй қазақ халқының ұрпақтары істеді ме? Жеті атасына дейін жатқа біліп, өз елінің батырлары мен қаһармандарын ұлықтай білетін елдің бе? ІІ- дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан эвакуацияланған миллиондаған адамдарды өз бауырына басып, паналатқан халық па мұны істеген? Кавказдан, Еділден және Қиыр Шығыстан депортацияланған жүздеген мың этникалық топтарға басына баспана мен алдына жылы-жұмсаған ұсынған адамдар ма?.. Жоқ! Мұны қазақтар жасаған жоқ! Мұны ұлтшылдық және ксенофобиялық үндеулерге итермелеген бандиттер мен қылмыскерлер, оңай ақшаға құмар қарақшылар, түрлі-түсті төңкерістер технологиясымен жұмыс істейтін, біздің тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді бұзуға ниетті арандатушы - шетелден басқаратын эмиссарлар жасады, деп жазды Дауров Facebook-тегі парақшасында.
Ол жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жергілікті тұрғындардың бір-біріне қалай қол ұшын бергенін де зор ықыласпен атап өтті.
Ал қазақтар бізді құтқарды! Фермер Қуаныш бірнеше дүнген отбасыларын үйіне әкеліп жасырды, дәрігерлер - Айнұр, Азамат, Соня және басқалар бойын үрей билеген, баласы бар ондаған отбасыны үйіне кіргізді. Кеңес деген қария жабыла төбелескендер арасынан екі жігітті қорғап алып шығып, үйіне апарып шай берген, айта берсе мұндай фактілер өте көп, - деді ол.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі ұлтшылдық пен ксенофобия Қазақстанға қауіп төндіретінін түсінеді. Сондықтан билік оның пайда болуы мен себептеріне терең үңіліп, ол тамыр алып кетпей тұрғанда түбіріне балта шабу керек. Сондай-ақ, билік ұлтшылдық пен ксенофобияны, қоғамды радикалдандыруды жою мен алдын-алу шаралары туралы ойлану керек.
Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздіктер 8 ақпанға қараған түні болды. Ресми мәлімет бойынша, 11 адам қаза тапты, 185 адам жарақат алды, 39 үй, 20 сауда нысаны және 47 көлік өртенді.
Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазір Қордайдағы жағдай тұрақты, тәртіпке келтіру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.