Президент ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа бос жатқан жерлердің иесін табуды тапсырды.
ERNUR.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық база жасауды тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес толық ақпарат ала алмайды. Сондықтан, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Бұл мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек», - деді Президент.
Президент ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа бос жатқан жерлердің иесін табуды тапсырды.
«Астананың өзінде нысан тұрғызғысы келетіндер жер таппай жүр. Бос тұрған жердің иесі бар. Кімнің атындағы жер? Прокуратура аты-жөнін жарияласын. Жерді алғанына қарсы емеспін, бірақ алған жерді пайдалансын. Аграрлық секторда да қараусыз қалған жерлерді мүк басып, басқа жерге зиянын келтіріп жатыр. Сондықтан, жерді жұмыс істейтін адамға беру керек. Ол үшін Мемлекеттік қызметтер туралы заңды жедел түрде жаңарту қажет», - деді Президент.
Сондай-ақ, халықтың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.
«Мемлекеттік қызмет көрсетуде халық пен мемлекеттік қызметші арасындағы тікелей қатынас азаяды. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 проценті, ал 2020 жылы - кемінде 90 проценті электронды форматқа көшірілуі тиіс», - деді Н. Назарбаев.