Оның мұндай әрекетке баруына қызғаныш себеп болған.
ERNUR.KZ. Өскеменде сүйіктісін қызғанған ер адам оның көлігін зақымдап, темір тұлпар иесіне бір жарым миллион теңге көлемінде шығын келтірген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Оқиға 15 қараша күні түнде орын алған. Түнгі сағат 01:20 шамасында 102 қызметіне жасы 31-дегі бойжеткен хабарласқан. Ол полицейлерге өзінің BMW маркалы көлігіне зақым келгенін жеткізген.
Тәртіп сақшылары күдікті ер адамды ұстаған. Ол бойжеткенмен жасты ер азамат болып шыққан. Кейін белгілі болғандай олар қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүрген.
Ал оның мұндай әрекетке баруына қызғаныш себеп болған. Сөйтіп бойжеткенге тиесілі BMW маркалы көлігінің шамдары мен бамперіне зақым келтірген.
Көлікке келтірілген шығын көлемі бір жарым миллион теңгені құрап отыр.
"Аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293 – бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - дейді полиция өкілдері.
Айта кетейік, 13 қараша күні Өскеменде тағы бір оқиға тіркелген еді. Мейрамханаға тойға барған 15 адам уланып, ауруханаға түскен еді. Зардап шеккендер арасында үш жүкті әйел де бар.