Тұрғынның айтуынша, алты жастағы баласы зәбір көрген. Жасөспірім оның басынан таспен ұрған.
ERNUR.KZ. Павлодарда 13 жастағы жасөспірім балаларға күн көрсетпей жүр. Бұл туралы баласы зәбір көрген ата-аналардың бірі әлеуметтік желідегі парақашаға хат жазған, - деп жазады Pavlodarnews.kz.
Тұрғынның айтуынша, алты жастағы баласы зәбір көрген. Жасөспірім оның басынан таспен ұрған.
"Бұған дейін де бірнеше рет ренжіткен. Бұл жолы алты жастағы баламды шекесінен таспен ұрған. Ал маған айтатын болса, мойнын үземін деген. Оның ата-анасына сөйлесуге барған едім. Бірақ "шағым жаза бер, бәрібір ештеңе істей алмайды" деген жауап алдым. Жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Дәрігерлер "жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бас аймағының көгеруі" диагнозын қойды, - дейді хаттың авторы.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор келіп, бұзақылық танытқан баланың үйінде болған, бірақ зардап шегуші тараптан, куәгерлерден жауап алмаған. Істі жауып тастаған.
Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, дерек Павлодар қаласының солтүстік полиция бөлімінде тіркелген және тексеру жүргізіліп жатыр.
"Жанжалға қатысушылар анықталды. Кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілік туындайтын жасқа жетпегенін ескере отырып, соталды тергеу тоқтатылды. Сонымен қатар, мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады, баламен және оның ата-анасымен осындай фактілерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізіледі. Сондай-ақ, зардап шеккен баланың анасы материалдық залалды өтеу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы", - дейді полиция өкілдері.
Дегенмен басқа да зардап шеккен балалардың ата-аналары жазасыз қалған жасөспірім бұдан кейін де бұзақы әрекеттерін қайталай ма деп қорқады.