Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде "бәрін үкімет береді" деп, отыра беруге болмайды. Ондай жағдай баяғы кеңестік одақ кезінде болған.
ERNUR.KZ. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен кездесуде көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін қозғады, деп жазады ҚазАқпарат.
"Мемлекет көпбалалы отбасының жағдайын жақсарту шараларын қабылдап жатыр. Өткенде "Нұр Отанның" сьезінде менің айтқан бағдарламамды бәріңіз білесіздер. Оның бәрі жылдың ортасында басталады деп айтқанмен, әсіресе, көмекке мұқтаж аналар мен балаларға келесі айдан бересіңдер деп, кеше тапсырма бердім. Көмек пен қамқорлық әрдайым еселеніп, арта береді. Бірақ қазіргі нарық заманында қол жайып, үкіметтен көмек сұрауға бейімделмеуіміз керек", - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде "бәрін үкімет береді" деп, отыра беруге болмайды. Ондай жағдай баяғы кеңестік одақ кезінде болған. "Сол кезде бала туғаннан кейін тегін балабақшаға алады, содан кейін мектепке, оқуды бітірген соң жұмыс береді. Қазір ондай заман жоқ. Ол кезде мемлекет елдің тапқанын жинап алып, бәріне бөліп отыратын. Қазір әркім өз табысын өзі пайдаланатын кезде неше бала болатынын, оны қалай асырау керек екенін, оқуы бар, соның бәрін ойлану керек. Әрине, қиын жағдайда үкімет көмектеседі. Бірақ үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет - жұмыс беру. Ең болмаса, отбасының бір мүшесі жұмыс істеуі керек", - деді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, "Нұр Отан" партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдай жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деді Н.Назарбаев.